Наурыз айында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы ұсынылды. Президенттің сөзіне сүйенсек, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталған. Демек, саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру жөнінде нақты қадамдар жасалды. Бұл Жаңа Қазақстанды құрудың бастамасы.
– Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бірігуі маңызды. Яғни, партиялар өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуда бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Ел дамуына үлес қосып белсенді жұмыс істеп келе жатқан партиялардың бірі – «Adal» партиясы. Осы ретте «Adal» партиясы «Amanat»-пен бірге жұмыс істеуге шешім қабылдады. Саяси бәсеке артып келе жатқан кезеңде мұның айрықша маңызы бар.
Жиында Мемлекет басшысы Қазақстан жауапты әрі аса маңызды қадамға аяқ басқанын айтып өтті.
– «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.
Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді. Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «Amanat» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.
Партия қызметінің тиімділігі мен күш-қуаты – халыққа нақты істер мен көрсеткіштер арқылы жұмыс істегенде белгілі болады. Қазақта «Аманатқа адал бол» деген сөз бар. Бұл – «мен саған міндет жүктедім, сен соны адал қолмен іске асыр» деген мағынаны білдіреді. Осы орайда халық ««Amanat»-қа сенім білдіріп, үлкен үміт артады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!