Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

26.04.2022

1512 0

«Елден сұрақ, әкімнен жауап» айдары арқылы бұған дейін қалаға қарасты кенттер мен ауылдардың әкімдері тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бүгінгі кезекте Қарауылтөбе ауылдық округ тұрғындарының сауалына ауылдық округ әкімі Еркін Ахетов  жауап берді.

Ауылда үш мыңға жуық тұрғын бар. Бірақ Мәдениет үйі жоқ. Мәдениет үйін салу туралы айтып, әкімшіліктің табалдырығын тоздырдық. Алайда қанша жылдан бері мардымды жауап ала алмай келеміз. Осы шаруаны әкімшілік қашан қолға алады?

– Қарауылтөбе ауылдық округінде соңғы дерек бойынша 2448 адам тұрады. Қазіргі таңда елді мекен орталығында орналасқан екі балалар ойын алаңының тозығы жеткендіктен, жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.

Ағымдағы жылы жол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы округ  орталығынан типтік жобадағы ауылдық клуб үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіледі

Қарауылтөбенің орталық көшесіне арнайы тәртіп сақшыларын қойса, жақсы болар еді. Бұл көшемен ауыр жүк көліктері өтеді. Жай өтпейді, жоғары жылдамдықпен өтеді. Одан бөлек, ауылда жастар көлік айдайды. Көшеде қаншама бала ойнайды. Қағып кете ме деп алаңдап отырамыз. Талай рет жол оқиғасы орын алды.

– Қызылорда қалалық полиция басқармасынан Қарауылтөбе ауылдық округіне арнайы учаскелік полиция инспекторы бөлініп, тұрақты қызметін атқаруда. Бұдан бөлек, ауылдық округіміз қалаға жақын орналасқандықтан  жол патрульдік полициясы да ауылымызға келіп, әсіресе, түнгі уақытта қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады.

Дегенмен округ әкімшілігі тарапынан ауыл тұрғындарына  құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда.

Ауыл толы ит. Оқушы балаларымыз бар. Түстің уақытында мектептің қасына барсаңыз, баладан қаңғыған ит көп. Қаңғығаны бар, иесі бары бар. Шетінен қабаған. Тротуармен жүре алмаймыз. Баланы талаған кездер де болған. Бірақ неге екені белгісіз әкімшілік шара көрмей отыр.

– Қарауылтөбе ауылдық округі бойынша жыл басынан бері қаңғыбас және иесіз жүрген иттерді аулау бағытында Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясына 3 рет қатынас хат жолданып, нәтижесінде қаңтар, ақпан айларында округ аумағынан 40-тан астам иесіз иттер ауланды. Дегенмен қазіргі таңда округ әкімшілігі тарапынан тұрғындарға өз асырауындағы иттерді қатаң бақылап, үй ауласында байлап ұстау керектігі жиі түсіндірілуде. Сонымен қатар түсіндірме жүргізіліп, иесіз жүрген иттердің егелеріне шара көру жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл ішінде бау-бақшамен айналысатындар үшін аяқ су мәселесі қиын болып тұр. Тұрғындар өз үйінің тұсындағы арықты құм мен қоқыстан тазалап алады. Бірақ үйінде адам тұрмайтын үйлердің тұсы құмға, қоқысқа толған соң су келмейді. Осы шаруаны шеше алмай жүргенімізге біраз болды.

– Қарауылтөбе ауылдық округінде аяқ судан мәселе жоқ. Сонымен қатар аяқ су келетін арық жүйелі тартылмаған көшелерге биыл ұңғыма насос қойылып, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-нің техникаларымен арық тарту жұмыстары қолға алынып, ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ауылымыздағы арықтарды тазалау жұмыстары округ әкімшілігінде қоғамдық жұмысқа қабылданған жұмысшылар атқаруда. Көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында  қоғамдастық жиыны өткізіліп, жиын қорытындысымен арнайы комиссия құрылып, ауыл тұрғындарына санитарлық тазалық бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Округ әкімшілігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, тиісті шаралар жалғасын табады.

Ауыл шетінде канал бар. Бірақ мал бағатындар арғы бетке өту үшін біраз жерді айналып келу керек. Тұрғындар ауылдың орталық тұсынан каналға адам өтетіндей көпір салып беруін сұрап жүрміз.

– Ауылымыздың шет аймағында егістік алқапқа аяқ су жүретін үлкен канал орналасқан. Аталған каналдың арғы бетіндегі аймақтың негізгі бөлігі көршілес орналасқан Қосшыңырау ауылдық округінің аумағы.

Округ тұрғындарының жеке үй жануарларының жайылымы бойынша арнайы мал бақташысы ұйымдастырылған және шаруашылықтың егіс егілмейтін жерлеріне мал бағу қарастырылған.

Сондықтан каналдың арғы бетіне мал бағатын тұрғындарға жоғарыда аталған бос егістік алқап жерлерге арнайы бақташыға тапсырып бағуға толық мүмкіндігі бар. Біз  түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Дегенмен каналдың арғы бетіндегі Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты аумаққа ағымдағы жылы жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын салу мақсатында құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Үлкен ауылмыз. Қаншама қарт пен бала бар. Бірақ шағын медпункт қана жұмыс істейді. Ем алу үшін қалаға бару керек. Жаңа емхана салына ма екен?

– Қоғамның басты байлығы денсаулық демекші, өте орынды қойылған сұрақ. Бүгінгі күні ауылымызда № 6 қалалық емханаға қарасты фельдшерлік акушерлік пункт тұрғындарға қызмет көрсетуде. ФАП ғимараты ауылымыздың халық санына сәйкес келмейтінін жасырмаймыз. Сондықтан ауыл тұрғындары Қызылорда қаласына барып ем қабылдайтын жағдайлар орын алуда. Осыған байланысты округ әкімшілігі тарапынан қазіргі таңда амбулатория құрылысын салуға құжаттар әзірлеу мақсатында жобалау іздестіру жұмыстары жасалып, облыстық денсаулық басқармасына ұсынылуда. Сонымен қатар амбулатория құрылысы үшін ауыл орталығынан қолайлы жер учаскесі қарастырылуда. 

Ауылда дәріхана бар. Бағасы өте қымбат. Дәрі бағасы қаладағы бағадан екі есе жоғары. Қарапайым біз сияқты тұрғындардың қалтасына салмақ салады. Сол дәріхананың бағасын бақылап, бағаны тұрақтандыруға бола ма?

– Қазіргі таңда ауылымыздағы дәріхана жұмыс істеп тұрған жоқ. Алдағы уақытта өз жұмысын жалғастырған жағдайда міндетті түрде сатылым бағалары тиісті мекемелермен бақыланады.

Қала іргесіндегі ауылмыз. Ауылдан маршрутпен қалаға қаншама оқушы мен студент қатынайды. Ал полицейлер «адам толтырып алдың» деп оларға қайта-қайта айыппұл салады. Бір күні қатынамай қойса қайтеміз? Осы мәселені биліктегілер қайта қарамас па екен?

– Қарауылтөбе ауылын қала орталығымен байланыстыратын №27 «Қарауылтөбе ауылдық округі – әл Фараби көшесі» бағытында қатынайтын қоғамдық көлік тұрғындарға қызмет көрсетеді. Күнделікті қоғамдық көліктердің жүру бағытының ара қашықтығы 5-10 мин барлығы 15-20 қоғамдық көлік жүруде. Қызылорда қаласы бойынша полиция басқармасымен өздерінің жоспарларына сәйкес, қоғамдық көліктің салдарынан болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу мен адам өмірінің қауіпсіздігінің болдырмау мақсатында іс-шаралар барысында рейдтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. ҚР Заң талаптарына сәйкес, әр жүргізуші тәртіп сақтауы тиіс.

Ауылымызда өзі жалғыз мектеп. Бірақ сол бір мектепте қаладан келіп, жұмыс істеп жатқан мұғалімдер көп. Ауылда дипломы бар, жұмыс істеуге қабілетті қаншама жас маман бар. Соларды неге алмайды?

(Ауылдың жастары барса, «жұмыс жоқ» деп қайтарып жібереді. Бірақ одан кейін талай адам сырттан келіп жұмысқа кірді. Өз көзімізбен көріп отырмыз.

– Қарауылтөбе ауылдық округінде орналасқан №179 А.Хангелдин атындағы орта мектептің мәліметіне сай, қазіргі таңда педогог маманды жұмысқа алу ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес конкурс арқылы өтеді. Конкурс талаптарына сәйкес алдын ала анықталған бос жұмыс орнына әлеуметтік желі арқылы қалалық білім бөлімінің «Facebook» парақшасында жарияланады. Әлеуметтік желі арқылы жұмысқа қабылданатын құжаттар және конкрус   ережелері толық жазылады.  Егер сол ережеге сәйкес кез келген ауыл тұрғыны және жұмыс қажет еткен кез келген азамат немесе азаматша қажетті құжаттарын өткізіп, жұмысқа тұру үшін қажетті балл жинаса, жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар кіші және техникалық қызметкер қажет болған жағдайда Enbek.kz сайты арқылы бос жұмыс орнына вакансия жарияланады. Осы хабарландыру арқылы талапқа сай келген жұмыс іздеуші жұмысқа қабылданады.

Ауылда көпбалалы отбасылар жетерлік. Соның бірі өзім, 6 балам бар. Балабақша қымбат. Әр бала басына 10-12 мың теңге аралығында ақша төлейміз. Төрт баламды балабақшаға беруге қаражат жетпейді. Осындай мәселеміз бар. Оның үстіне қиналмай төлейтіндей ауылдың бәрі жұмыспен қамтылмаған ғой. Көпбалалы үйлердің баларының көбісі үйінде. Балабақшаға жіберейін десе, қалта көтермейді. Осы мәселені қалай шешеміз? Жеңілдік жасалмай ма?

– Ауылдық округте қазіргі таңда мектеп жанындағы 1 шағын орталық 40 баланы қамтып отырса, 1 жекеменшік балабақша 60 – қа тарта баланы қамтып отыр. Округтегі №179 орта мектеп жанындағы шағын орталықтың бағасы мемлекеттік бөбек жайларға тиесілі төлем бағасымен бірдей бекітілген яғни, бір айға шаққанда 9000 теңге көлемінде болып отыр. Сонымен қатар ауылымыздағы  жеке балабақшаның 1 балаға ай сайынғы төлем ақысы 5000 теңгені құрайды. Сондай-ақ аталған балабақшада бос орын болған жағдайда көпбалалы отбасының балаларына жеңілдіктер қарастыру ұйымдастырылады.

Ауылымызда дүкендер бар. Бірақ әркім ойына келген бағасын қояды. Қымбат. Ауылдан әріге ұзай алмаған соң, амалсыз аласың. Біздің ауылға да әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін «әлеуметтік дүкен» салса ғой. Әкімшілік тарапынан осыған жағдай жасала ма екен?

– Ауылымызға «Әлеуметтік дүкен» ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқармасына қатынас хат жолданып, қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Ағымдағы жылы әлеуметтік дүкеннің ашылуын жоспарлап отырмыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: