Сенбі, 20 сәуiр, 12:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Елордамен сабақтас Қызылорданың өзегі

01.12.2020

2327 0

Тәуелсіз Қазақстанның еңсе тіктеуі үшін Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Алашқа ана атанған Сыр өңірі де өзегін елордамен сабақтастырып жатқан аймақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қызылордаға бірнеше рет сапарлап келсе, соның бірін ақпараттандыруға қатысқан болатынбыз. Осы орайда Елбасының 2017 жылғы Сыр еліне сапарын негізге алып, өткенге көз жібергенді жөн көрдік.

2017 жылдың қазан айында Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Сыр бойына келген болатын. Елбасы сапарын ақпараттандыру мақсатында қолға қалам алған журналистердің қатарында мен де бар едім. 

Сырды Алаштың анасына балаған Ұлт көш­басшысы ең әуелі жер кіндігі болған  Байқоңырға табан тіреді. Елбасының өз сапарын ғарыш кешенінен бастауы жайдан жай емес. Ғарыш қақпасының ел бірлігінің ерен үлгісі екенін айта кеткен абзал. Мұнда елдің Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысын барлап, «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әлем көз тіккен ғарыш кешенін өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағыттаған орталық ретінде дамыту, жаңа зымыран кешенін салу екі ел үшін де ерекше жоба екенін айтып өтті.

– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқын­далды. Арнайы құрылған үкіметаралық ко­мис­сия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлес­тіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр. Бір­лескен кәсіпорындар құрып, тікұшақ пен ұшақ жөн­дейтін және шағын ұшақ құрастыратын ірі тораптық орталық  ашу жоспарланып отыр. Осы­лайша қаланы өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал «Бәйтерек» жобасына келетін болсақ, оны іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімі 2025 жылдан 2022 жылға дейін ауыс­ты. Біз Ресеймен бірлесіп ғарыштық державаға айналуымыз керек, – деді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Байқоңырдан кейін Қармақшы ау­данын­дағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешені­не келді. Түбі бір түркі әлемінің рухани тәлімгері, ғұлама ойшыл Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған ескерткіш 1980 жылы бой көтерді. Ал 2014 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасы бойынша мемориалдық кешен қайта жаңғыртылып, оның жанынан қосымша «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» салынды. Мәдени кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан. Бұл туристер ағымының, әсіресе «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шетелдік қонақтар қатарының артуына ықпал жасады.

Елбасы сәулетті кешенді аралап, музейдегі жаңа жәдігерлермен танысқан сәтте облыстың сол кездегі әкімі, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың мәңгі өмір іздеген ұлы бабамыздың арманы мен Мәңгілік Ел мұратын қолға алған Елбасының жасампаз ісін сабақтастыруы көпшіліктің жүрегін қозғады. Бұл кездейсоқ сәйкестік емес. Ұлы Қорқыт мәңгілік өмірді халқы үшін іздеді, Ұлт көшбасшысы Мәңгілік Елді ұрпақ үшін көздеді. Екі арадағы сабақтастық пен байланыс осында жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда қаласында алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа қала жобасымен танысты.

Сырдарияның арғы беті мен бергі бетін байланыстыратын жаңа көпірге келген Елбасы осында құрылысшылармен жүздесті. Президент «Мына көпірді жолын кең әрі үлкен етіп, жақсы салған екенсіңдер» деді риза кейіппен.

Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін қала жайлы ай­тып, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқ­талды. Сонымен қатар бұл жерге салынатын ғимараттардың  макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көрсетілді.

Қызылорданың бас жоспарына сәйкес, сол жағалаудың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құ­ралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен бульвар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің  қаулысымен бекітілді. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. 2016 жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.

Елбасы сол жағалауда атқарылып жатқан жұ­мыстарға оң бағасын беріп, құрылысшылармен кездесті.

– Құрылысты әртүрлі сәулет тәсіл­дерін пайдаланып, сапалы әрі көрікті етіп салу керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен Қызыл­ордаға келгенде өңірдің жағдайы қиын еді. Оған қаржы салғанша, басқа жерге кө­шірген дұрыс па деп те ойладым. Бірақ адамдар «ата-баба мекенінен қайда кетеміз?» деді. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, халықтың жағдайы жақсы, – деді Елбасы.

Бұл жерде «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Иманова сөз сөйлеп, құрылысшылардың атынан ризашылығын білдірді.

– Аса құрметті Елбасы, сарабдал саясат ұстанып, еліміздің дамуына жарқын жол ашқаныңыз үшін сізге шексіз ризамыз. Туған елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенетінімізді жеткізгіміз келеді – деді ол.

Тұңғыш Президент елорда секілді сол жаға­лауға құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, «табысты бо­лыңдар» деген лебізін білдірді.

Елбасы мұнан кейін Қызылорда қаласының «Титов» қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытына ат басын тіреді. Сонан соң Ұлт көшбасшысы Қызылордадағы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде сыр­бойы­лық жастармен жүздесті. Кездесуге бокс­тан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Елбасымен кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің студенті Наргиз Кашапова да келді. Талапты жас болашақта жерге орналастыру және кадастр маманы бол­мақ. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына ай­налғанда 11-сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы қаламызға келіп емтихан қабылдаған Ресей университеттерінің сынағына қатысып, бағын сынап көрді. Барлық емтиханнан жақсы нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Әйткенмен, Наргиздің таңдауы  Мәскеуге түсті.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің Мәскеуден келгеніме бір-екі күн болды. Ондағы өзім құралпы жастардың cізге деген сәлемін ала келдім. Мәскеудегі дос-құрбыларым cіздің жас ұрпаққа артқан сеніміңізді ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді Наргиз Кашапова.

Елбасы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген барша қызыл­ордалық жастардың сәлемін жеткізген Наргизге мейірімін төгіп, құшағына қысты. Тәуелсіз ел­дің болашағы – жастардың, жас мамандардың  талабына, армандарына жету жолындағы ынта-жігерлеріне ризашылық білдірді. 

Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді. Жүздері бал-бұл жанған жастардың Елбасымен кездескен кездегі қуаныш-шаттықтары маржан шашылғандай күйге бөледі.  Аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев сол тұста 2-сыныпта оқитын. Ол Тұңғыш Президентке:

– Мен болашақта космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің самолеті бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші бала­ларды самолетпен қыдыртқым келеді. Әсіресе Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды, – деп балалық арманын айтты.

Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ ар­манын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге бас қалаға қы­дырып қайтуға шақырды.  Елбасы сапарынан соң балғын Нұрсұлтанның арманын назарға ал­ған Қырымбек Көшербаев оның әсем елордаға сапарлап қайтуына қолғабыс көрсетті.

Елбасы сапары кезінде Сыр халқы ерекше көңіл-күйге кенелді. Тұңғыш Президенттің Қызылорда өңіріне деген айрықша қомқорлығына аса риза сезімде екендіктерін жеткізді.

Айтпақшы, Елбасының өңірімізге сапары кезін­де құрылысы енді бастау алған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізіліп жатқан болатын. Қызылорда қала­сының 200 жылдығы қарсаңында аталған ғи­марат ашылып, игілікке берілгенін атап өткен жөн. Оның ашылуына бүгінгі аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысқан болатын. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада, дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болды.

Тағы бір айта кететін жайт, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов «Болашақ» университетінің қалашығы салынатынын мәлімдеген болатын.

– Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады. Бұл жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда «Болашақ» университетінің қалашығы сол жағалаудың көрікті жерінің біріне айналады. Болашақ – жастардың қолында. Қазір жастарға үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Еліміздің келешек тірегі болатын жастарға қамқорлық танытқаныңыз үшін сізге рахмет, – деді қоғам қайраткері.

Айтса, айтқандай сол жағалауда “Болашақ” университетінің бас ғимараты салынды. Алыстан мен мұндалаған ғимараттың сәулеті де ерекше көз тартады.

Елбасы келген кезде дарияның сол жағалауында тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр еді. Бүгінде бүтін бір шағын аудан бой көтерді. Бұдан Елбасы сапарынан Сыр халқы рухтанып, қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқанын аңғарамыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: