2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді. Осыған орай, әр партиядан саяси ұйымдар өз кандидаттарын ұсынуда. Ел болашағы үшін бұл сайлауға біркісідей қатысып, дауыс беру әрбіріміз үшін маңызды.
Осы орайда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймұрзаевпен хабарласып, саяси науқанның барысы жайлы аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
– Ғалым Қонақбайұлы, Президент сайлауына дайындық қалай жүргізілуде?
– «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты сайлаушылар тізімін өзектендіру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдары жүргізуде.
– Облыс бойынша қанша сайлаушы бар?
– 1 қазандағы мәлімет бойынша Қызылорда облысында 488964 сайлаушы бар. ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау учаскесі шекараларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары БАҚ беттерінде жарияланды.
Облыс бойынша 382 сайлау комиссиялары бар, оның ішінде 9 аумақтық, 373 учаскелік комиссиялар, онда 2710 комиссия мүшелері жұмыс атқарады. Учаскелік комиссиялар жұмыстарына 21 қазаннан бастап кіріседі және ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, қала, аудан әкімдері сайлаушылардың тізімін 30 казан күні сайлау учаскелеріне қол қойып, табыстайды. Ал учаскелік комиссиялар 4 қарашадан кешіктірмей тізімді сайлаушылардың танысуына ұсынады. 9 қарашадан кешіктірмей – сайлаушыларға сайлау өтетін орны мен уақытын жариялауды хабардар етеді.
– Сайлау процесінде цифрлық мүмкіндікті пайдалану қаншалықты жүзеге асады?
– Өз кезегінде облыс тұрғындарына сайлау учаскелерінде тізімде бар-жоғын анықтайтын «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тап!» жүйесі мен Call-орталықтары құрылды. SAYLAU.ORDA.GOV.kz ресми веб сервис, sailau_kzobot телеграм чат бот, SmartQyzylorda мобильді қосымша және 109 нөмірі жүйелері бойынша кез келген сайлаушы ЖСН арқылы дауыс беретін сайлау учаскесі жайлы толық ақпарат ала алады (мекен жайы, байланыс нөмірі, сайлау комиссия мүшелері және картада орналасқан орны).
– Сұхбатыңызға рахмет!
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!