Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Идеологиялық әрекеттер жұмыс жасай бастады

17.03.2022

860 0

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Бүгінгі жолдау шын мәнінде еліміздің қайта жасақталуы үшін аса маңызға ие. Бұл алдағы күндерге өткір талап қойған жолдау болды. Идеологияның ұлттық бағытқа қарай бағыт алғаны қуантып отыр.  «Қаздың шақырғаны көктемнің келгенін білдіреді» деген  осы шығар. Конституцияның отызға тарта бабына өзгеріс енгізу және ол ұлттың мүддесіне жұмыс жасайтындығы, ел патриоттарының қуаныштарын еселей түсері анық. Экономика саласы бойынша да көптеген өзгерістер болмақ.  Енді Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары болады. Мұның мәні зор екендігін де айтып өтті. Сол арқылы «ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы иісі қазақтың тұтастығына жасалатын жұмыстың әліппесін ашып тұрғанын ұқтыра отырып, «Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», – деді Президент.

«Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Сондай-ақ  Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады» – деді президент.

 Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы да елдің даму даңғылына түскендігін көрсетеді. Себебі, жергілікті мәслихттың құзіретін арттырып, аймақ әкімдерін тағайындаулардың да тәртібі өзгеретінін жеткізді. Демек, қоғамдық сананың қалыптасуына әсер ететін идеологиялық әрекеттер жұмыс жасай бастады деген сөз. Президент өз сөзінде Мемлекет басшысының өкілеттігін біртіндеп азайтып, есесіне аймақтардың мәртебесін көтеретінін де айтып өтті.

Ендігі кезекте Қазақстан Президентінің игі бастамаларын халық болып қолдап, алар асу мен шығар шыңда бір болмағымыз маңызды.

Қазаққа құт болар жолдау болғай!

Берік Саймағанбетов,

ҚР мәдениет қайраткері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: