Кәсіпкерлікті оқыған 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақорда баспасөз қызметінің Twitter парақшасына сенсек, Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау жайына кеңінен тоқталған.
«Пандемия мен карантин шектеулері, сауда қатынастарының бұзылуы елдегі іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізді. Көптеген ірі кәсіпорындардың көрсеткіші төмендеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес қатты зардап шегуде» деп атап өтті ҚР Президенті.
Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс.
«Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты.
«Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды» дейді Президент.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!