Жексенбі, 08 желтоқсан, 06:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Мәсімов мемлекет сатқыны ма?

03.05.2023

512 0

Елді елең еткізген жаңалықтың бірі – соттың Кәрім Мәсімовке шығарған үкімі. Анығырақ айтсақ, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Астана қалалық сотының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Мәсімовпен бірге А.Садықұлов, Д.Ерғожин, М.Осипов сынды орынбасарларына да сот үкімі шыққан.

175 баптағы 1 тармақ немесе мемлекетке сатқындық  жасау

2022 жылдың қалай бастал­ғанын қазақ жұрты ешқашан ұмытпайды. Тарихқа қанды таң­басымен, жүрекке өшпес қасі­ретімен енген қаңтар оқи­ғасы қарапайым халықтың нара­зы­лығы оңай болмайтынын көр­сетсе, екінші жағынан билікте де сатқындардың бар екенін дәлелдеді. Қос бүйірден қысып, алқымнан алған елдегі қым­бат­шылық халықты әбден ти­тық­татып жіберді. Бұған жастар арасындағы жұмыссыздықты қо­­сыңыз. Тоқсан тоғыз емес, тоқ­­сан тоғыз миллион күрмеуі тарқатылмаған мәселе бар біз­дің елде. Соның ең бастысы – қымбатшылық.

Газ бағасының арзандауын талап еткен Жаңаөзен тұрғындары бастаған шеру айналасы екі-үш күннің ішінде бүкіл елді қамтыды. Шеруге шыққандар «газ-50» деп өзімізден шығатын газ бағасының 50 теңгеге дейін арзандауы керек деген талап қойды. Бүкіл ел бойынша шерушілер қатары сәт санап артты. Адамдар әлеуметтік желілер арқылы бір-бірін шақырып жатты. Қымбатшылық пен жұмыссыздыққа әбден ығыр болған халық онсыз да жарылуға сәл-ақ қалып еді. Дәл осы сәтті тиімді пайдаланған арандатушылар мұның артын толқуға, билікке қарсы көтеріліске ұластырып жіберді. Ал нәтижесі не болды?.. Республикадағы бірнеше аймақтың әкімдігі қирады, сауда орындары тоналды, құқық қорғау органдарына қарсы оқ атылды. Мемлекетке орасан зор шығын келді. Автокөліктер өртелді. Ең сорақысы, кісі өлімі де болды. Тіпті қаңғыған оқтан жапа шеккендер де аз емес. Қаза болғандар арасында қарт та, жас та, бала да бар. Осылайша қасіретті қаңтарда біреу әкесін, біреу анасын, біреу баласын жоқтап зар қақты, қайғыдан қан жұтты.

Республикадағы жағдайды жіті қадағалап отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті шешім қабылдап, бүкіл Қазақстан аймағына төтенше жағдай енгізді. Осыдан кейін арам пиғылдыларға тосқауыл қоюға мүмкіндік туды.

Осынша бейберекетсіздіктің артында кім тұр? Өйткені қарапайым халық алаңға тонауға, қиратуға шықпағаны анық. Тіпті полицейлер мен әскерилердің өзін ұрып-соғып, қаруларын тартып алып жатты. Қарапайым тұрғындар күштік құрылымдардың өзіне бой бермейтіндей арнайы әскери-тактикалық дайындықтан өткен жоқ қой. Гәптің бәрі осында жатыр. Демек, халықтың бейбіт шеруін арам пиғылдылар өз мақсаттарына пайдаланған. Тіпті игіліктеріне жаратқан десек те артық емес. Екі ортада бейбіт шеруге шыққан жұрт жапа шекті. Сонда мұның барлығы біреудің немесе арнайы топтың ұйымдастырғаны болып тұр ғой… Кім?

Қаңтар оқиғасы кезіндегі ақпараттар ағынын сараласақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хабарламасында: «2022 жылдың 6 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175 бабы 1 тармағымен, мемлекетке сатқындық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деген ақпарат болды. Өткен жылдың 8 қаңтарындағы Еgemen.kz-те жарияланған деректе «Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етілмейді»,  – деп жазылған.

Бұл іс бойынша тергеудің құпия жүргені белгілі. Сонымен 175 баптың 1 тармағында не жазылған? Осыған ден қояйық. Бұл баптың өзі «Мемлекетке опасыздық жасау» деп аталады екен. Аты да қорқынышты… Ал оның 1 тармағында: «Мемлекетке опасыздық жасау, яғни Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс уақы­тында жау жағына өтiп кетуінен, сол сияқты тың­шылық жасауынан, мемлекеттiк құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беруінен, сол сияқты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге оның өзге де көмек көрсетуінен көрінген қасақана іс-әрекеттері» – деп жазылған. 2022 жылдың 10 қаңтарында Аbai.kz-ке шыққан Нұргелді Әбдіғаниұлының мақаласында бұл бап бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, 10 жыл­дан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданатыны жазылған.

Мәсімов опасыз ба, құрбандық па?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің есімі Қазақстан халқына жақсы таныс. Әскери шені – генерал-лейтенант. Оған бұл шен 2020 жылы берілген. Бұған қоса экономика ғылымдарының докторы деген атағы бар. Тіпті саясаттан жазушылыққа бет бұрып, бірнеше кітап та жазып үлгерген. Екі мәрте Үкіметті басқарып, екі рет Үкімет басшысының орынбасары, министр лауазымында қызмет атқарды. Тіпті Президент әкімшілігін де басқарғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Құдай бақты да, атақ-дәрежені де аямай берген. Сонда оған мемлекетке сатқындық жасайтындай не жетпейді дейсің ғой іштей кейіп.

 «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл іс сотта «аса құпия» белгісімен қаралған.

Астана қалалық сотының ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билік­ті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкі­леттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.

Сот шешімімен аталған үш бап бойынша да кінәлі деп танылған К.Мәсімов 18 жылға, А.Садықұлов 16 жылға, Д.Ерғожин 15 жылға, М.Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот­талушылар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылады.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, сотталу­шылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндірілген. Осы жылдың 24 сәуірінде «ҚазАқпарат» агент­тігінде Марлен Жиембайдың ав­торлығымен жарияланған материалда «Үкім заңды күшіне енген жоқ» деп берілген.

Еліміздің бас проку­роры Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздік кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттері­нің жеке құрамы жұ­мыс орындарын тас­тап кеткен. Тер­геу «аса құпия» бел­гісімен жүргізілді.

Р.S. Дәл қазір Мәсімовке байланысты түрлі пікір айтылып жатыр. Мәсімов 18 жылға сотталды деген ақпарат шығысымен әлеуметтік желіге «Мәсімов құрбандық па, опасыз ба?» деген жазба қалдырдық. Жазба астына құрбандық дегендер де, опасыз деп пікір білдіргендер де болды. Тіпті ойыншық дегендер де табылды. Неше адам болса, сонша пікір болатыны секілді, әртүрлі ой айтқан. Бүгін осындай баға берілсе, 100 жылдан кейін кімнің не айтары бір Құдайға аян…

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: