Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мәжілістің жаңа құрамы: Депутаттардан не күтеміз?

16.01.2021

6193 0

Ай бойы ақпараттық кеңістік пен ел аузынан түспеген саяси дода да аяқталып, депутаттар көптен күткен мандатқа ие болды. Сайлау қорытындысы шық­қан соң депутаттық орынға кімдер жайғасатыны, қай партиядан қанша өкіл өткені анықталып, құрам жаңарды. Нәтижесінде Мәжіліске «Nur Otan» партиясы­нан – 76,  «Ақ жол» партиясынан – 12, Қазақстанның халықтық партиясынан – 10 адам және Қазақстан халық ассамблеясының 9 депутаты өтті.

Мәжіліс депутаттығынан өзге, өңірлік мәслихатқа депутат болуды мақсат тұтқан азаматтар ел аралап, халықтың мұқтаж жайын біліп, қордаланған біршама мәселені қағазға түртіп, шешуге қолғабыс ететінін жеткізді. Мұндай мүмкіндіктің күнде келмесін білген тұрғындар да ойдағы ұсынысын, жергілікті жердегі келеңсіздікті бүкпесіз жеткізді. Бүгін шешілмесе де билікке жағдайды айтар деген үміт еді. Сол сенімнен болар, халықпен үздіксіз кездескен «Nur Otan» партиясы саяси додада оқ бойы озық шығып, жеңіске жетті. Ендігі халық сұрауы – берген уәде, айтқан ұсыныс жерде қалмай, діттеген жеріне жетсе деген тілек.

«Жалғызға» түскен ортақ міндет

Үгіт-насихат демекші, науқанда неліктен өзге партиялардың белсенділігі төмен болғаны ойландырады. Мәселен, облыста Мәжіліске 12 мүшесі өткен «Ақ жол» партиясының аты болмаса, затын көрген тұрғын аз. Бұл тұрғыдан қарғанда «ADAL» партиясы жарқырай шықты. Қазақстанның халықтық партиясы қызыл автобуспен ел аралады.

Мұны неге айтып отырмыз? Себебі ел-жұрт көрген қиындығын, жолыққан мәселесін алдымен «Nur Otan»-ға барып айтуды әдетке айналдырды. Сонда халықтың дәл сондай құзыреттегі өзге партияларға деген сенім болмағаны ма? Әлде елдің «барлық өкілет «Nur Otan»-ның қолында» деген қасаң пікірден айнымағаны ма? Біздіңше, мұндай әлеуметтік ұғым мен үрдістің қалыптасуына өзге партиялардың бейқамдығы тікелей ықпал етуде. Әйтпесе, науқан кезінен бөлек өздігінен ауыл аралап, халықпен тұрақты кездесу жүргізген партия өкілдері некен-саяқ. Онда да айтулы датаға орай ұйымдастырылған жоспарлы шара негізінде ғана жүреді. Сондықтан биылғы сайлау партияларға халықпен етене араласып, жақын байланыс орнату қажет екенін білдірді.

«Болыс болдым, мінеки…»

Жекелеген тұлғаларға келсек, мәселе басқаша. Науқанда кәсіби саясаткерлерден гөрі танымал тұлғалардың саны басым шықты. Олай дейтініміз, спорт, өнер, кәсіпкерлік саласындағы танымал тұлғалар депутат болып, нақты саясаттану, әлеуметтану ғылымында салмақты еңбек еткен ғалымдар қалыс қалған секілді. Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихатта орын саны шектеулі екенін және саяси сауат пен ішкі-сыртқы әлеуметтік-экономикалық ахуалға қанық адам ғана пайда әкелетінін ескерсек, көптің таңдау критериін өзгертетін кез келген секілді…

Сонымен қатар ел арасында депутаттық мандатқа ерте қол жеткізген жастарға қатысты екіұдай пікір белең алды. Оған себеп – «Nur Otan» партиясы атынан Мәжіліске ең жас депутат болып 25 жастағы Мәди Ахметовтің, Алматы қалалық мәслихат депутаттығына 21 жастағы Жансая Әбдімәліктің депутат болып сайлануы. Бірі елдегі саяси, әлеуметтік өзгерістің бастауы  жастар арқылы келеді десе, енді бірі өмірлік және саяси тәжірибесі аз шалағай жастар мемлекеттік маңызды шешім қабылдайтын ортада салмақты пікір айта алмайды дейді. Қайсысы болмасын келісуге келетін ой. Алайда бұл оқиға жастардың ертеңге деген ұмтылысына қанат бітірген секілді. Оның үстіне Мәди де, Жансая да өздері ізденетін, бар күш-жігерін жұмсайтын саланы таңдағанын айтқан. Мысалы, Жансая Әбдімәлік елдегі әйел құқығын қорғауды дамытып, оларға көрсетілетін кейбір тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыюды көздейді. Осындай адамзаттық ізгілікті мақсат еткен жастар әрекеті кейінгі буынға да үлгі болары сөзсіз.

Өткен жылы біткен іс

Өткен жылы, яғни VI шақырылымда Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы мен Мәжілістің 186 жалпы отырысы өтіп, 1208 мәселе қаралған. Нәтижесінде депутаттар түрлі саладағы маңызды заңның қабылдануына түрткі болды. 2020 жылы олар жалпы саны  487 заң жобасын қарап, оның 432-сін мақұлдаған. Қазіргі таңда аталған заңның 400-ге жуығына Президент қол қойған екен. Оның ішінде Бас санитарлық дәрігердің өкілеттілігін кеңейту, вакцина сапасы мен тиімділігін бақылауды күшейтуге арналған «Денсаулық Кодексін» ерекше атауға болады.

Осы орайда ұстаздар қауымына артылған міндетті жеңілдетіп, материалдық жағдайын оңалтуға көп пайдасын тигізген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы да ең маңызды қадамға айналды. Қоғамда көп талқыланған заңнама ұстаздарды артық жүктемеден босату, олардың қызметіне қойылатын талапты күшейту және материалдық қолдау секілді мәселені дөп басып, шеше білді. Сондықтан аталған заң өткен жылғы қабылданған заң жобасының ішіндегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған ең ұтымды шешімге айналды. Сонымен қатар 2020 жылы «Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс» және Салық Кодексі, Кедендік реттеу, Жер қойнауын пайдалану туралы маңызды құжаттар да мақұлданған.

P.S. VII  шақырылымда көтерілетін мәселе мен қабылданатын заңдар аз болмасы белгілі. Жаңа құрам өнімді нәтиже көрсетіп, халық көкейіндегі талаптарға жауап беретін шешімдер қабылдарына сенім мол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: