Жексенбі, 24 қараша, 02:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Президент Астанадағы саммитте не деді?

17.09.2024

303 0

Фото: Ақорда

Президент Орталық Азия мемлекет басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді. Президент былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті.

«Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтайды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады.

«Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен тең құқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» формуласына сай «Орталық Азия плюс» форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын жеткізді. Сондықтан әлемнің ең дамыған мемлекеті әрі Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық.
Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.
«Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.

«Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: