Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Президент сайлауы қалай өтті?

21.11.2022

1143 0

20 қараша қазақ елі үшін ерекше күн болды.  Республика халқы ел болашағы үшін,  кемел келешек үшін кезектен тыс өткен президент сайлауында дауыс берді.

Бұл сайлаудың бір ерекшелігі – жеңіске жеткен президент міндетін 7 жыл атқарады.

Биылғы президент сайлауына барлығы алты кандидат қатысты. Олардың қатарында қоғам қайраткері Қарақат Жақсылыққызы Әбден, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев, «Ауыл» партиясы ұсынған кандидат Жигули Дайрабаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова мен халықтық комиссия ұсынған  Қасым-Жомарт Тоқаев бар.

Жалпы кезектен тыс президент сайлауы қалай өтті?

Бұл күні халық өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Қызылорда қаласының тұрғындары да өз таңдауларын  жасау үшін, сайлауға барды.

Қызылорда қаласында барлығы 120 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылар таңғы сағат 7.00-ден бастап, кешкі сағат 20.00-ге дейін өз таңдауларын жасады. Өз сайлау учаскеңізді «109 бірыңғай байланыс орталығына» хабарласу арқылы, Ұялы телефон арқылы «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасынан немесе saylau.orda.gov.kz сілтемесіне кіріп, «Өзіңді сайлаушылар тізімінде тексер» деген атаумен арнайы баннерден білуге мүмкіндік болды.

Қала әкімі Асылбек Шәменов Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектепте орналасқан №263 учаскесіне барып, дауыс берді.

Қызылорда қаласында мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы №366 дауыс беру учаскесі жұмыс жасады. Аталған учаскеде дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар 188 сайлаушы тіркелген. Үйінде дауыс беретін сайлау­шыларға сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарды сақтай отырып, өз таңдауларын жасауға жылжымалы жәшіктер арқылы мүмкіндіктер жасалды.

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері КСРО Ағарту ісінің үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Подольский Марк Захарович дауыс беруге ерте келіп, өз таңдауын жасады.  90-ның төріне шыққан арда­герге алғашқы даус беруші ретінде құрметпен сый-сияпат  көрсетілді.

Сонымен қатар қаламыздағы Абай атындағы мамандандырылған мектепте орналасқан №353 сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді.

Жаңадан отау құрған Ербол Қазиханов пен Әйгерім Толыбек отбасын құрған күні өз таңдауын жасады.

25 жастағы Ербол Қазиханов «Еліміз үшін де, өзіміз үшін де өте маңызды күні өз таңдауымызды жасадық» деп атап өтті.

Орталық сайлау комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды. Сондай-ақ әрбір екі сағат сайын ҚР ОСК мүшелері дауыс берушілердің келуі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының дерек­терін беріп отырды.

Барлығы 10101 учаске жұмыс істеді. Оның 68-і шетелде орналасқан.

Сайлауда шетелдегі Қазақстан азаматтары елде жүрген азаматтарға қарағанда белсендірек дауыс берген. 

«Шетелдегі 68 сайлау учаскесінің жұмысы бітті. Онда Қазақстанның 11360 азаматы дауыс берді, яғни сайлауға 12841 адамның 88,47%-ы барды», – деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды, Сағат белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) дауыс беру елорда уақыты бойынша сағат 21.00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2022 жылғы 20 қарашада елорда уақытымен сағат 22.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 69,43% бюллетень алды.

Оның ішінде өңірлер бөлінісі бойынша:

Абай облысы бойынша – 80,18 %

Ақмола облысы бойынша – 78,87%

Ақтөбе облысы бойынша – 72,81%

Алматы облысы бойынша – 72,10%

Атырау облысы бойынша – 70,87

Батыс Қазақстан облысы бойынша – 68,67 %

Жамбыл облысы бойынша – 79,57%

Жетісу облысы бойынша – 81,42

Қарағанды облысы бойынша – 78,39%

Қостанай облысы бойынша – 79,28%

Қызылорда облысы бойынша – 81,07 %

Маңғыстау облысы бойынша – 66,99%

Павлодар облысы бойынша – 77,58%

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 79,01%

Түркістан облысы бойынша – 80,37%

Ұлытау облысы бойынша 75,48%

Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 79,49%

Астана қаласы бойынша – 48,60%

Алматы қаласы бойынша – 28,72%

Шымкент қаласы бойынша – 59,79%.

Сайлауда заң бұзушылық тір­­келген жоқ. Мұны ТМД бай­қаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев айтты. ТМД бай­қаушылары науқан барысын жіті бақылады. Ұйымға мүше елдерден Қазақстанға барлығы 174 байқаушы келген.

ХАЛЫҚ БОЛАШАҚ ҮШІН ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

Жасы бар, жасамысы бар бәрі тарихи күннің куәсі болды. Ел болып тағы бір саяси науқанды өткерді. Халық болашақ үшін таңдауын жасады. Кезектен тыс президент сайлауы өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылған. Дауыс беру дұрыс және тыныш жағдайда өтті. Барлық жерде бақылау күшейтілді. Сайлаудың өз дәрежесінде өтуіне халық та үлес қосты. Сайлау туралы айтылған пікірлерге қарап оң баға берілгенін бағамдай беруге әбден болады.

– Еліміздің тарихындағы тағы бір тарихи сәт өз мәресіне жетті. Бұл жолы да барша сырбойылық ауызбіршілік танытып, еліміздегі дауыс беру белсенділігі бойынша 81,07% сайлаушы дауыс беруге қатысып, Қызылорда облысы екінші орынға шығып отыр. «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып ек­кен ағаш – орман», − дейді ұлы халқымыз. Еліміздің болашағы үшін маңызды сәтте, маңызды саяси науқанға бей-жай қарамай, сайлаудың өз дәрежесінде өтуіне үлес қосқан барша жерлестеріме алғысымды білдіремін. Қызылорда сайлауда белсенділік танытқаны қуантады, – дейді қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев.

– Кезектен тыс өткен сайлауда халықтың билікке деген көзқарасынан оң өзгеріс байқадық. Себебі жасынан жасамысына дейін азаматтық құқы­ғын пайдалана отырып, жауап­кершілік танытып, ел үшін таң­дау жасады. Тасбөгет кентінде ор­наласқан сайлау учаскелері өз жұ­мысын жоғары деңгейде атқарды. Тұрғындардың саяси белсенділігінің артуы, ел ертеңіне сенім білдіруі мені қуантты. Бұл – тек біздің кентте ғана емес, облыс бойынша қарқын алған науқан.

Бұл сайлауды еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғыртудың тетігі ретінде қарастыруымыз керек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» – демекші, ел бо­лып, халық болып, еліміз үшін таңдау жасамасақ, жаңа дәуірге қадам баспаймыз. Ел ертеңі – елім деп елжіреген ерлер қолында, – дейді Тасбөгет кенті, жергілікті қо­ғамдастық кеңесінің төрағасы Ақылбек Арыстанов.

Қаламыздағы Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейі қабырғасында орналасқан №349 және №354 сайлау учаскесінің басшысы Эльмира Азатбаева кезектен тыс президент сайлауының қалай өткендігі жөнінде  кеңінен мәлімет берді.

− 20 қараша бүкіл қазақ елі үшін ерекше күн болды. Өйткені бұл күні біз елімізді басқаруды сеніп тапсыратын президентті сайладық. Осы саяси науқанда менің басқаруымдағы мектеп қабырғасында №349 және №354 сайлау учаскелері орналасты. Өзім төрайым болып сайланған №354 сайлау учаскесінде 2754 сайлаушы тіркеліп, 1412-і сайлауда өз таңдауын жасады, – деді №354 сайлау учаскесінің төрайымы Эльмира Кеделбайқызы.

Бұл сайлау учаскесінде де өз таңдауын жасағандар қатарын­да ерекше сайлаушылар кездескен. Соның ішінде отбасы­мен, балалары­мен және тіпті кандидаттарды балаларға таныстырған сайлау­шылар болған. «Кішкентай бала­ларын ертіп келіп, сайлаудың не екенін, президент­тің қызметін және кандидаттарды таныстырған азаматтарды көрдік. Сайлауға асы­ғып, маңызды күнде өз таңдауын жасағандар қатарында егде жастағы тұрғындарымыз да болды. Сондай-ақ  біздің учаскеге қарасты үйінен дауыс беретін тұрғынның костюм киіп, қызметкерлер келгенде «Мен сендерді күттім, келмейді ме деп қорықтым» деп саяси науқанға бей-жай қарамайтынын көрсеткен. Бұл әрбір адамға сайлаудың маңыз­дылығын түсіндірері анық», − дейді учаске төрайымы.

№278 мектеп-лицейде орналас­қан сайлау учаскесіне ең бірінші болып дауыс беруге келген тұрғын таңғы сағат 5.50-де келген. Ал ең соңғы дауыс беруші кешкі сағат сегізге үш минут қалғанда жүгіріп келіп дауыс беріп, үлгергеніне қуанған. Сайлаушылардың арасында ең бірінші келген, ең бірінші рет таңдау жасаған және ең егде жастағы сайлаушыға арнайы сыйлықтар табысталған.

Ал №354 сайлау учаскесіне бақы­лаушылар таңғы сағат 5.30-дан келе бастаған. Олар өздерін таныстырып, келген партия немесе қоғамдық ұйымынан берілген жол­дамалары арқылы өз қызметін ат­қарған. Әр­түрлі жастағы және түрлі қызмет саласының мамандарынан құрылған бақылаушылардың жалпы саны 10 адам болған.

Міне, қаладағы сайлау учаскесінде осындай қызықты сәттер болды. Бұл сайлауда тұрғындар белсенділік танытқанын  көрсетеді. Яғни қа­зақстандықтар өз мемлекеті үшін алаңдайды, кемел келешекке қадам басуды қалайды. Демек бұл сайлауда әркім өз таңдауын жасады.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: