Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған еді. «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады».
Президентке жеті жыл мерзім. Аз ба, көп пе? Бұл сауалдың да жауабы Жолдауда атап айтылды. «Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті мен президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын», – деді Мемлекет басшысы.
Мұнан соң Мемлекет басшысының Үндеуі жарияланып, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу биыл қараша айының 20-на белгіленді.
Ел ішінде сайлау науқанына дайындық басталды. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жоспар-жобасын пысықтап, үміткерлерін үкілеуде. Орталық сайлау комиссиясы да Президент сайлауын өткізу дайындығына кірісіп кетті.
Айта кетелік, президенттікке үміткерге қойылатын талап бар. Атап айтқанда: оның ҚР азаматы болуы, Қазақстан аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы, жоғары білімді, жасы 40-қа толған және белсенді сайлау құқығының болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, сайлау жарнасының құны – 3 миллион теңге. Сайлау жарнасы кандидатқа егер лауазымға сайланса немесе кемінде 5 пайыз дауыс алса қайтарылады. Сондай-ақ президенттікке кандидаттар үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды және 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18-00-де тоқтатылады. 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні.
Бүгінде президенттікке үміткерлер есімі де атала бастады. Алғаш болып «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы кезектен тыс съезінде президенттікке кандидат ретінде Жигули Дайрабаевты, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы РКБ жоғары органы Қажыкен Зекешұлын ұсынды.
Сондай-ақ сайлау алдында бірқатар саяси ұйымдардың таңдауы бірдей болды. Атап айтқанда, мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі, сонымен қатар «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Аманат» партиялары да алдағы президент сайлауына үміткерлікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
Бірқатар партиялардың кезектен тыс съезінен кейін, 6 қазан күні Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдаған халықтық коалиция форумы өтті. Форумға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлаудың ел болашағы үшін маңызды екенін атап айтты.
– «Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдар маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған», – деді Мемлекет басшысы.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!