Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 05:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазантаевтың қарқыны қалай?

20.04.2021

2017 0

Шаһар тізгінін ұстаған Ғанибек Қазантаев қалаға қарасты ауыл-аймақ пен бөлімдерді аралап, жаңа қызметіне кірісті. Басшының істің басын шалғайдағы халықтың хал-жайын, тұрмыстық ахуалын, мұң-мұқтажын білуден бастауы ел жайына қанығуға жасаған қадамы екені анық. Жергілікті тұрғындар да ауыл аралаған әкімге алғаусыз алғысын білдіріп, бірқатар мәселені назарға салды. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев алдымен Ақжарма, Ақсуат ауылдық округтері мен Тасбөгет кентінің тұрғындарымен кездесті.

Ақжармалық тұрғындар атқарылған жұмысқа оң бағасын беретінін жеткізіп, ендігі кезекте ауылға амбулатория құры­лысын жүргізсе деген тілегін айтты. Бұл сауалға ескі амбулатория ғимаратына барып, нысанның қазіргі жағдайын көрген шаһар басшысы: «Жаңа амбулатория салуға облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы арқылы бюджеттік өтінім бе­рілген. Қаржының бөлінгенін күтіп отыр­мыз» – деп жауап берді. Жалпы Ақжарма ауылының инфрақұрылым, ауыз су мәселесі жыл санап шешімін тауып ке­леді. Кездесуге келген халық та соңғы жылдары елді мекен келбетінің көріктене түскенін жасырмады.

Қала басшысы қос ауылды біріктірген округтің жай-жапсарымен танысқан соң Ақсуат халқымен жүздесті. Әлеуметтік-эко­номикасы әлеуеті жоғары ауыл тұр­ғындары бүгінге дейін атқарылған жұ­мыстарды жоға­ры бағалап, жаңа басшыға сәттілік тіледі.

Жыл санап тірлігі түлеп, даму жо­лында жаңа тынысы ашылған тасбөгет­тіктер де әкімді ерекше құрметпен қарсы алды. Мұнда да жергілікті халық кентте атқарылған тірлікке риза пейілін біл­діріп, алдағы уақытта қала әкімімен бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді. Жаңа басшы да сенім білдіріп, Тасбөгет кентін одан әрі дамытуға барын салатынын айтты. Кездесу соңында Ғанибек Қонысбекұлы:

– Бүгінгі кездесуде өздеріңізбен жо­лығып, баталарыңызды алдым. Алдағы уақытта қызу жұмыстың бел ортасында, жарқын жобалар мен байырқалы баста­малардың басында жолығатын боламыз. Бізге дейінгі істелген жақсы істерді жо­ғары деңгейде жалғастырып, одан да биік мақсаттарға жетуде ең қажеті – елдің қолдауы. Сондықтан сіздерді жақсы іске жұмылып, бірлесіп, ақылдасып жұмыс істеуге шақырамын, – деді.

Қала әкімінің келелі кездесуі Қызылөзек, Талсуат ауылдық округтері мен Белкөл кентінде жалғасты. Бұған дейін басқа да елді мекендерді аралап, халықтың ұсыныс-пікірі мен сауалдарын тыңдаған қала басшысы бүгінгі кездесуде де көпшілікті толғандырған көкейтесті мәселелерге назар салды.

Басқосуда тұрғындар тарапынан Айнакөлдің аяқ суы мен Талсуаттағы электр бағандарын ауыстыру мәселесі көтеріліп, Белкөлде қарттарға арналған сауықтыру алаңын салу ұсынысы айтылды.

Келелі жиында ауыл және кент әкімдері басқаруындағы аймақтардың жыл көлеміндегі экономикалық көрсеткіштері мен саяси ахуалы және егін маусымына дайындығы туралы хабарлама жасап, алда атқарылар шараларды да атап өтті.

Жаңа әкімнің алғашқы қадамына қолдау білдірген ауыл тұрғындары барлық бастамаларына табыс тілеп, ақ баталарын берді. Қала әкімі:

– Қай салада, қай қызметте болсақ та елдің қолдауы, үлкендердің ақ батасы тірлігіміздің берекесін кіргізіп, бірлігімізді бекемдей түседі» – деп, ізгі лебізін білдірген ағайынға алғысын жеткізді.

Қазантаевтың қарқыны қалай?

Қаладағы қызу тірлік

Елді мекеннің тыныс-тіршілігінен хабардар болған қала әкімі келесі жұмыс сапарын дербес бөлімдерді аралаудан бастады. Алдымен шаһар басшысы құрылыс, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылық бөлімдері орналасқан ғимаратқа барып, бөлімдердің жұмысымен танысты. Бірнеше бөлімді біріктірген нысанда келушілер үшін қолайлы орта қалыптасқан. Мұнда әр бөлімдегі арнайы терезелер арқылы тұрғындар өз сауалдарын қойып, мәселелерін бір ортадан электрондық кезек жүйесімен шеше алады. Сонымен қатар өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да қарастырылған. Ғанибек Қонысбекұлы бөлім қызметінің сапасы мен салмағына қанығып, бөлімдегі цифрландыру, оңтайландыру жүйесіне оң бағасын берді.

Шаһар басшысы одан әрі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйіне бас сұқты. Нысанның материалдық базасымен таныстырған қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов бөлімнің мүмкіншіліктері мен қажеттіліктерін атап өтті.

– Бұл бөлім қаладағы мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар мен тарихи музейлер, орталықтандырылған кітапханалар жүйесін бір ортаға біріктірген. Қала бойынша бөлімге қарасты 34 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетіп келеді, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Жұмыс барысы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде жалғасты. Мамандар бөлімнің қамту аясы мен мүмкіншілігін саралап, басты артықшылықтарын түсіндірді. Сала мамандарының сөзінше, 26 мемлекеттік, 8 арнаулы әлеуметтік қызмет түрін ұсынатын бөлімнің құрамында 4 орталық, 2 бөлімше бар. Сондай-ақ 200-ден аса қызметкер жұмыс істейтін бөлімге күніне 1500-ге жуық азамат қызмет алуға жүгінеді екен.

Барлық бөлімдердің жұмысымен танысқан қала әкімі бөлім басшыларына:

– Сіздерге барлық жағдай жасалған, материалдық-техникалық база нығайтылған, тек жүйелі жұмысты жалғастырып, халыққа сапалы қызмет көрсетулеріңіз керек, – деді.

Жұмыс барысы өткен жылы Жол картасы аясында С.Торайғыров көшесіне жүргізілген жаяу жүргіншілер жолын аралаумен түйінделді. Айта кетейік, бұған дейін «ДГУСервис» ЖШС жүргізген 2 шақырымға жуық тротуардан олқылықтар анықталған болатын. 2020 жылдың 24 маусым мен 24 қазан аралығында жүзеге асқан жоба сәтсіз өтіп, бүгінде мердігер мекеме кепілдеме негізінде жаяу жүргіншілер жолына қайта жөндеу жұмысын жүргізуде.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: