Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорда жазғандай, президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен БҰҰ ДАЗ арасындағы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешудегі әріптестікті талқылауға жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ) мен БҰҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар желісі бойынша жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қазақстанның іске асырып жатқан шаралары туралы айтып берді.
«2023 жылы Қазақстан 6 елге 9,2 млн долларға (4 млрд теңге) гуманитарлық көмек көрсетті. Газа секторындағы күрделі гуманитарлық ахуал аясында Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар (450 млн теңге) сыйға тартып, гуманитарлық көмектің екі партиясын жеткізді. Сондай-ақ Ауғанстанға, Түркияға, Пәкістанға және табиғи апаттардан зардап шеккен басқа елдерге қаржылық көмек көрсетілді», – деді Тоқаев.
Президент Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударды. Айтуынша, халықаралық қауымдастық осы елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға күш салуы тиіс.
Кездесу соңында Тоқаев Синди Маккейнді алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!