Парламент мәжілісі баланың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес барлық шетелдік мессенджерлер мен әлеуметтік желілер Қазақстанның уәкілетті органдарында тіркеуден өтуге және өз уәкілетті өкілдіктерін ашуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, бұғатталатын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің жалпы отырысында балалардың құқығын қорғау мәселелері туралы заң жобасы талқыланды. Заң жобасының мақсаты – баланың құқықтарын қорғау саласында қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде депутаттар «Ақпараттандыру туралы» Заңның 1-бабындағы 73-74-ші тармақшаларына толықтырулар енгізу ұсынылған.
Ұсынысқа сәйкес, Қазақстан аумағында өз қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформалардың немесе жедел хабарламалармен алмасу сервисінің меншік иелері заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз филиалын ашуы тиіс.
“Ұсынылып отырған «Ақпараттандыру туралы» Заңның 18-2-бабында Қазақстан аумағында қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабар алмасу сервисінің меншік иелері мен өзге де заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаны міндетті мемлекеттік тіркеуді немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуді жүргізеді делінген.
«Шетелдік онлайн-платформа немесе жедел хабар алмасу сервисі филиалдарының (өкілдіктерінің) басшылары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар бола алмайды», – делінген заң жобасында.
Сондай-ақ, Қазақстандағы әлеуметтік желілер филиалдарының басшыларын 24 сағат ішінде белгілі бір контентті жою немесе шектеу жөніндегі шешімді орындауға міндеттеуі мүмкін.
«Шетелдік онлайн-платформа филиалының (өкілдігінің) басшысы» Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1 бабының 1-1 және 1-2-тармақтарында көрсетілген ұсынымды немесе шешімді орындау бойынша шаралар қабылдау туралы нұсқаманы алғаннан кейін ақпарат саласындағы уәкілетті органнан оны Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұзатын ақпаратты жоюға не оның Қазақстан Республикасының аумағында таралуын шектеуге шаралар қабылдау арқылы жиырма төрт сағаттан аспайтын уақыт ішінде орындауға міндетті», – делінген заң жобасында.
Әлеуметтік желілердің филиалдарын тіркеуге алты ай беріледі
Заң шығарушылар шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге Қазақстанда заңды тұлға ретінде филиалдарын тіркеу үшін алты ай беруді жоспарлап отыр. Әйтпесе олардың ел аумағындағы қызметіне шектеу қойылады.
«Осы Заңның 18-2-бабы қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай өткен соң, егер шетелдік онлайн-платформа немесе хабар алмасу сервисі Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдік заңды тұлғаның өкілдігін есептік тіркеуді жүргізбеген жағдайда, осы ресурстардың қызметі Қазақстан Республикасының аумағында шектеледі», – ұсынылған түзетулер оқылады.
Сондай-ақ, ұсыныс авторы Депутат Динара Зәкиева құжатқа енгізілген негізгі нормаларға тоқталды. Соның бірі мектеп оқушыларының жәбір көруі.
«Мектеп жасөспірім үшін уақытының көп бөлігін өткізетін, өзін-өзі дамытатын, оқу мен тәжірибе жинау үшін мүмкіндіктер көзі саналатын орын және таныс, қауіпсіз орта. Десе де мектепте балалардың жәбір көруі, зорлық-зомбылыққа ұшырауы да сирек емес. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, мектеп климатына да теріс әсер етеді. Сондықтан заң жобасында білім беру процесінде жәбірлеудің алдын алу тетіктерін реттеу көзделеді», – деді ол.
Айтуынша, заң жобасында мұғалімдер мен қызметкерлерді көмекке мұқтаж балаға уақытылы көмек көрсету жөніндегі әдіснамамен, сондай-ақ балаға жәбірлеудің белгілерін түсіндіретін және бір-біріне құрметпен қарауға баулитын бағдарламалармен қамтамасыз ету ұсынылады.
Зәкиева бұл түзету 3 миллионнан астам оқушының жағдайы мен өмірін жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Қазақстан қоғамы үшін тағы бір өзекті мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид.
Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, осы жылдың тек алты айында 105 бала суицидке барған, 193 бала өз-өзіне қол жұмсауға оқталды.
Бұл ретте бірқатар өңірде суицид көрсеткіші өскені байқалады. Зәкиеваның айтуынша, қорқынышты көрсеткіш Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.
«Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім ұйымдарында психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеу ұсынылады», – деді мәжілісвумен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!