Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазтуғанша толғанған тұлғаның келешек үшін жасаған маңызды қадамы

17.03.2022

1153 0

Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп басталатын толғауы бар еді ғой. Кіндік қаны тамған жер­ден жыраққа кетіп бара жатқан жырау жаны күйзеліп, осы толғауды шығарған. Сонау 90-шы жылдары тәуелсіздік­тің елең-алаң шағында еліміздегі бірнеше облыс біріктіріл­ді. Семейді Өскеменге, Жезқазғанды Қарағандыға, Торғай­ды Қостанайға қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Ұлытау, Жетісу, Абай секілді үш бірдей облыс ашылатынын айтты. Ұлытау бұрынғы Жезқазған, Абай бұрынғы Семей облыстарының территориясында құрылады. Ал Жетісу – Алматы облысын екіге бөлудің нәтижесінде қалыптасып отырған жаңа аймақ.

Бұл жаңалықты Қазақстан халқы қуанышпен қабылдады.Қазақстан Президенті Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынып, ұлылар дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз деп атап өтті.

– …Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені  аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлы­ларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз. Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың  төл тари­хымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрін­де орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз  Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз. Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Жолдауды тікелей эфирден көрген көпшіліктің қуанғаны сонша, әлеуметтік желі арқылы сол сәтте-ақ бір-бірінен сүйінші сұрап кетті. Әрине, ұлттың ұясына баланған Ұлытау жұрты бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрді. Ұлылардың мекені болған Семейдің де инфрақұрылым жағынан жыл санап артта келе жатқаны жасырын емес. Ал Қазақ үшін Жетісудың орны бір бөлек. Біз өз кезегінде телефон арқылы жаңадан еңсе тіктегелі жатқан Ұлытау мен Абай облыстарының тұрғындарымен тілдескен едік. Соның бірі – Семейден шығатын «Мөлдір сана» газетінің бас редакторы Бақытөмір Тұрсынғалиұлы Шалғынбай. Қырық жылдан астам уақыт БАҚ саласында еңбек етіп жүрген Бақытөмір ағамыз бұл жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

– Семейді Өскеменнен бөлу бұрыннан айтылып жүр еді. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің қатарында мен де бармын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс тарихи шешім қабылдады. Мұндағы жұртшылық бір-бірімізді әлі құттықтап, сүйінші сұрап жатырмыз. Оның үстіне облысқа хакім Абайдың есімін беру тарихты ұлықтау, өткенге құрметпен қарау емес пе! Бұл тарихи тұлғаларды құрмет тұтудан туған шешім болса керек. Мен Мемлекет басшысының бұл шешімін қолдап, қуаттаймын. Қазақтың әр баласы Абайдай дана, Абайдай дара болсын, – деп ойын түйіндеді Бақытөмір Тұрсынғалиұлы.

Біз Жезқазған қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Маралхан Мажыровқа хабарластық. Ол Ұлытау жұртының қуанып жатқанын жеткізді.

– Ұлытау өз алдына бөлек облыс болады екен дегенді естіген көпшілік қуанып жүр. Қуанбағанда қайтсін. Ұлытау – ұлт ұясы, тарихи мекен. Бұл жерде сонау ілкі замандарда Алаша атты хан ел билеген. Шыңғысханның жорығынан соң бұл аймақ Жошының үлесіне беріледі. Алтын орданың негізі де осы жерде қаланып, тарих бедерінде Сайын ханның ізі қалды. Басқасын айтпағанның өзінде Ұлытау үш жүздің билері бас қосатын мекен болғанын айтсақ та жетіп жатыр. Қазақ пен жоңғар арасындағы шешуші айқас өткен Бұланты жазығы да көп тарихтан хабар береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейіндегісін дөп басып, дұрыс шешім қабылдап отыр, – деді Маралхан Мажыров.

Мақаланың басын Қазтуғанның толғауымен бастаған едік. Жыраудың туған жерге алаңдап шығарған, жанын, жүрегін қоса қан жылатқан жыры қанша ғасыр өтсе де ұмыт болмай, елмен бірге жасап келеді. Елдің келешегіне алаңдаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жаңа облыстар құру туралы шешімін Қазтуғанша толғанған тұлғаның келешек үшін жасаған маңызды қадамы деп білген дұрыс.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: