Референдум — мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демократиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды, яғни қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдады. Кеше ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі » атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу жөнінде ұсынды.
«Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады» –деді ел президенті. Сондай-ақ Президент: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – бұл Әділетті Қазақстан. Оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек». Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! – деді. «Екінші Республика» – суперпрезиденттік республикадан мықты Президенттік-Парламенттік басқару жүйесіне көшуді көздейді деп ойлаймын. Ол қазіргі таңда заман талабы, уақыт талабынан туындап отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл басқару жүйесі қажет болды да, бірақ қазіргі уақыт, қоғам басқа. Әділдік – адамзаттың басты құндылығы. Бүгінгі қоғам азаматтардың әділ болуын қалайды. Әділеттілік салтанат құрған жағдайда өркениетті даму болатындығы айдан-анық. Мемлекет және ел азаматтары заң, тәртіп мәселесінде ешқашан бей-жай болмау керек деп ойлаймын, өйткені тәртіп бар жерде — әділдік болады, әділдік бар жерде жеңістің жалауы желбірейтіні анық. Сондықтан:
Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Өз барыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.- деп Асан Қайғы бабамыз жырлағандай саяси реформаларды жүзеге асыру үшін бізге қазіргі таңда бірлік пен ынтымақ, ауызбіршілік пен сенім басты тірегіміз болу қажет деп санаймын. Тек қана ел ішінде ғана емес, әлемде әділдікті, бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Лайым солай болғай.
Дәулет Омаров,
Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!