Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сайлау 2021: Қалай өтті? Қай партия жеңді?

12.01.2021

7058 0

10 қаңтар қазақ елі үшін әдеттегіден ерекше өтті. Тұрғындардың барлығында бір мақсат – ел болашағы үшін, кемел келешек үшін дауыс беру.

Иә, биылғы 2021 жыл ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауымен басталды. Жалпы сайлауға еліміздегі 5 партия, яғни «Aқжол», «Adal», «Ауыл», «Nur Otan» және Қазақстанның халық партиясы қатысты. Жалпы бұл сайлау қалай өтті?

Таң ертеңімен сайлау туралы ақ­параттар желіні жаулап алды. Әр сайлау учаскесі таңдаушыларды қабылдап, тұрғындар өз дауыстарын берді. Қызылорда тұрғындары да бұл шарадан қа­лыс қалмай, өз сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Біз де оқиға орнынан ақ­парат тарату үшін сайлау учаскелерін аралап көрдік. Бірінші кезекте №278 орта мектепте орналасқан №354 сайлау учаскесіне бардық.

Негізінен ел тарихындағы бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Оған өзгеріс алып келген – пандемия. Сайлау учаскесіне келген таңдаушы міндетті түрде бет­перде тағуы қажет. Ол ең алдымен дезинфекциялық туннельден өтеді, со­дан соң дене қызуы тексеріледі. Міне, осы сақтық шараларының барлығынан өткен­нен кейін ғана ол өз мекен жайына қатысты комиссия өкіліне барып, тиесілі бюллетеньдерді алады. Арнайы кабинаға кіріп бюллетеньге өз таңдауын белгілеп, жәшікке салды. Осылайша әр келген азамат елдің бүгіні мен ертеңі үшін қызмет ететін партияны таңдайды.

Сайлау 2021: Қалай өтті? Қай партия жеңді?

Жалпы әлеуметтік желіде учаскелерде орын алған келеңсіз оқиғалар жайлы ақпарат таралды. Алайда біз барған учас­келерде мұндай оқиға болмаған. Мәселен, №354 сайлау учаскесінің төрайымы сайлау барысында ешқандай мәселе туын­дамағанын жеткізді.

– Сайлау ел үшін маңызды науқан ғой. Сол себептен де барлығымыз бір кісідей барып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Мен төрайымдық ететін сайлау учаскесіне келушілер қатары көп. Сайлаушылар дауыс беру процесіне белсенді қатысуда. Дауыс беру кезінде оқыс оқиғалар, заң бұзушылықтар байқалмады. Сондай-ақ санитарлық талаптардың барлығы қатаң сақталған. Тұрғындар алғашқы сағаттан-ақ жоғары белсенділік танытуда, – деді Қызылорда қаласындағы №354 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Эльмира Азатбаева.

Сайлауға келіп дауыс берген жандардың көңіл-күйі көтеріңкі болғаны рас. Олардың ішіндегі ерекше жандарға комиссия тарапынан құрмет көрсетілді. Мысалы, егде жастағы және ең жас, алғашқы болып дауыс берген таңдаушыларға сыйлық табысталды. Мұндай құрметті шара №355 сайлау учаскесінде де орын алды.

– Біздің сайлау учаскесі №12 орта мектепте орналасқан. Мұнда 1722 тұрғын тіркелген, қазіргі таңда (15.00) 55 процент тұрғын келіп өз таңдауын жасады. Біздің ең алғашқы таңдаушымыз азанда 6.30-да келді. Сайлау 7.00-де басталатын болғандықтан күтуге тура келді. Шара еліміздің мемлекеттік әнұранымен басталып, алғашқы сайлаушыға өз сыйлығымызды табыстадық, – дейді №355 сайлау учаскесінің төрайымы Жадыра Садыққызы.

Негізінен қала тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі жоғары деңгейде өтті. Шара барысын тәуелсіз бақылаушылар бақылап, комиссия өзіне тиісті міндетін атқарды.

***

Сайлау 2021: Қалай өтті? Қай партия жеңді?

Тарих күнтізбесінен орын алып 10 қаңтар күні де өте шықты. Бұл күннің аурасы бұрынғы күннен өзгерек болды. Сайлау деп сәресін ішпей ағылған ағайынды көрдік. Жиылған жұрттың жүзінде келешек көкжиегіне көз қадаған сенім үдесі сезіліп тұрды.

Аймақ жұртшылығын ақпараттандыруға аттандық. Алдымен №356, 369, 371, 375 учаскеге бардық. Мұнда келушілер қатары баршылық екен. Азанымен ерте келген тұрғын мен ең үлкен сайлаушыға дәстүрге сай сый-сияпат жасалды. Мемлекеттік әнұранмен басталған саяси шара жалғасын тауып жатты.

Келген халықтың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Ереже талаптарына сай комиссия мүшелері мен бақылаушылар барлығын бағамдап, бағдарлап отырды. Орталықтағы әрбір жағдай олардың назарынан тыс қалған жоқ.

Бір қуанарлығы, сайлау учаскелерінің барлы­ғында санитарлық нормалар қатаң сақталған. Кіре берістен бастап медициналық қызметкерлер карантиндік талаптарға сақадай сақ тұр. Кез келген келуші алдымен дезинфекциялық туннельден өтіп, дене қызуы өлшенеді. Арақашықтық сақтау мен тұрғындардың кіріп-шығатын есіктері бөлек болғандығы көңіл қуантты.

***

Елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депу­таттарына дауыс беру аяқталды. Бір айта кетерлігі, биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына қызылордалықтар  белсенді қатысты. Оған біз қалада орналасқан сайлау учаскелерін аралау барысында көз жеткіздік.

Осы жылдың 10 қаңтары тарих күнтізбесінен саяси күн ретінде орын алады. Өйткені еліміз бойынша барлық жерде сайлау науқаны өткізілді. Қала орталығында орналасқан №256 сайлау учаскесінде келушілер қатары көп болды.

– Бұл – ел болашағы жолындағы таңдау деп есептеймін. Әрбіріміздің берген дауысымыз маңызды екенін ескеруіміз керек. Өзім зейнеткер болсам да таңертеңнен келіп, көңілім қалаған партияға дауысымды беріп отырмын. Жерлестерімді таңдау жасауға шақырамын. Өзің үшін, елің үшін таңдауыңды жаса. Бұл саған берілген мүмкіндік, – дейді ардагер Құттыбала Әбдуақиев.

***

Шаһардағы кезекті №264 сайлау учаскесінде халық таңертеңнен кешке дейін үздіксіз келіп өз таңдауын жасады.

– Сағат таңғы 7.00-ге дейін бақылаушыларды түгендеу, жәшіктерді бекіту, сайлау бюллетендерін тарату жұмысы жүрсе, одан кейін мемлекет әнұраны орындалып, тұрғындар дауыс беруді бастады. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Мысалы, сағат 10.00-ге дейін 200-ден астам азамат келіп, өз таңдауын жасап үлгерді. Оған қоса, сайлау учаскесіне келген алғашқы сайлаушы мен 80-нен асқан қарт анаға арнайы сыйлық бердік, – дейді №264 сайлау учаскесінің төрағасы Бек Турмурзаев .

***

Азаматтар тұрғылықты мекен жайына қарасты сайлау учаскесіне барып, сайлауға белсене қатысты. Оны біз сайлау учаскелерін аралап жүріп  байқадық. Сайлау учаскелерінің №259 бөлімінде таңдаушылар легі көп.

– Ғ.Мұратбаев көшесі №43 мекен жайында орналасқан сайлау учаскесінде таңғы сағат 7.00-ден бастап саяси шара басталды. Сайлауға келген тұрғындар қатары көп, барлығы өз таңдауын жасауда. Соның ішінде біз егде жастағы қария мен ең жас таңдаушыға арнайы сыйлығымызды табыстадық, – дейді №259 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Көктем Ерімбетов.

***

Сайлау 2021: Қалай өтті? Қай партия жеңді?

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы аяқталды. Қызылорда қаласындағы №243 сайлау учаскесінде таңертеңнен тұрғындар легі толастамай, шаһар халқы дауыс берді.

– Қызылордалықтар саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Біздің сайлау учаскесіне 2558 сайлаушы тіркелген. Таңғы сағат 7.00-де дауыс беру басталды. Барлық сақтық шаралары сақталған. Бетпердемен кіру, антисептик қолдану, есік алдынан дене қызуын өлшеу секілді міндеттемелер толық бақылауға алынды, – деді №243 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Таубаев.

Қызылорда қаласындағы кезекті №251 сайлау учаскесі де таңғы 7.00-ден бері сайлаушыларды қабылдап, қызмет көрсетті. Тіпті сайлау учаскесінің өкілдері белгілі себеппен келе алмайтын қала тұрғындарының үйіне арнайы барып, дауыс беруге мүмкіндік жасаған.

– Шаһар тұрғындары саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Барлық сақтық шаралары сақталған. Сайлаушылардың дауыс беруіне бар мүмкіндік жасалды. Үйден дауыс беруге тіркелген 10 тұрғынның үйіне арнайы өкілдер сайлау жәшігін апарып, олардың да саяси науқаннан қалыс қалмауын назарға алды, – деді №251 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қуаныш Изатуллаев.

Сайлау жергілікті уақытпен кешкі сағат 20.00-ге дейін өтті. Кейінірек сайлаудың  Exit poll нәтижесі жарияланды. Қоғамдық пікір институты сайлаудан шыққан азаматтарға 600 сайлау учаскесінде сауалнама жүргізген. 24 мың сайлаушыға жүр­гізілген сауалнама қорытындысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,75 пайыз, «Nur Otan» партиясы 71,97 пайыз, «ADAL» саяси партиясы 3,07 пайыз, «Ақжол» демократиялық партиясы 10,18 пайыз және Қазақстан Халық партиясы 9,03 пайыз дауыс жинады.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Жарасхан Қуанышбайұлы

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Ерсін ШАМШАДИН

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: