«AMANAT» партиясы республикалық штабының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әмреев және облыстық штаб мүшесі Нұрболат Ибраев «Сенім» медицина орталығына барды. Штаб мүшелері еңбек ұжымымен жүздесіп, жалпыхалықтық референдум туралы, дауыс берудің ережелері мен шарттары жайлы айтып, қабылданатын әр өзгеріске жеке-жеке түсініктеме берді. Алдағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.
5 маусымда Қазақстанның болашағын айқындайтын жалпыхалықтық дауыс беру арқылы тарихи шешімдер қабылданады. Ел тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір адам өз таңдауын жасап, осы науқанға атсалысуы керек, – деді Мәжіліс депутаты Ғалым Әмреев.
Халық қалаулысы кездесу барысында Ата заңына енгізілетін нақты нормалар, солардың ішінде суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуді қамтамасыз ету, сайлау жүйесін реформалау мен жаңа саяси партиялардың құрылуы төңірегінде кеңінен ақпарат берді.
Облыстық штаб мүшесі Нұрболат Ибраев референдум әр қазақстандыққа өз пікірін білдіруге, мемлекетті басқару процесіне араласуына мүмкіндік беретіндігін тілге тиек етіп, Конституцияның 3-тен бір бөлігіне өзгеріс енгізілетіндігін атап өтті.
Орталық дәрігерлері де алдағы референдум мен саяси реформалардан күтер үміті зор. Олар референдум Қазақстан халқына берілген үлкен мүмкіндік екенін сезініп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!