Қызылорда өңірінде сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Кешкі 18.00-дегі ақпаратқа сәйкес, сайлаушылардың 65,7 пайызы таңдау жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Таңнан бері учаскеге дауыс беруге асыққан тұрғындар ел үшін маңызды қадам жасауда.
Дауыс беру күні шетелде білім алған сырбойылық студенттер де өз таңдауын жасады.
Солардың бірі – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, жыраулық өнердің жас өркені, жырау Бидас Рүстембеков пен Қармақшы аудандық Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаеваның шәкірті Малика Алдамжарова. Ол Анкарадағы сайлау уаскесіне келіп, дауыс берді.
Малика Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі өнер» факультетінде білім алған. Бүгінде Түркияның Анкара қаласында магистратурада оқиды.
Мұнан бөлек, Кореяда білім алатын сырбойылық жерлес Мадина Жақыпбекова да дауыс беруге асыққан студенттің бірі. Ол әрбір жас мемлекет үшін маңызы зор науқанда жай қарап отыруға болмайтынын тілге тиек етті.
Айту керек, әртүрлі мемлекетте қызмет ететін қызылордалық азаматтар да өз учаскесінен дауыс берді.
Грекиядан Елена Каланджиди, Канададан Данияр Құрманбаев, Кореядан – Мадина Жақыпбек пен Түркиядан Сағыныш Назар, Назерке Бақтияр, Бекарыс Нұриман дауыс берді. Сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі қызылордалық Рауан Мыңбай да өз таңдауын жасады.
Еске салайық, өңірде 373 сайлау учаскесі бар. Онда 486002 сайлаушы тіркелген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!