Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Соловьевтың шоуындағы шабуылға РФ билігі жауап беруі керек – Мұхтар Құл-Мұхаммед

24.11.2022

574 0

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің телеарнасында Соловьев жүргізген бағдарламадағы ресейлік сарапшылардың сөздеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сұмырай Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грата алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерде көш бастап келеді. Сондықтан ыза-кектің буынан ол елдің бәріне жармасып «улы сілекейін» шашып жүр. Бұрын «Россия 1» арнасында ол Алматыға бомба «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ, ол Соловьевтің баршаны жек көруі кесірінен көбінесе өзеуреп өзі сөйлеп, бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейтінін атап өтті. Оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болатынын тілге тиек етті.

«Ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отыр.

Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бізбен бірге тұрған өзімізге дос Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей Федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық» деп баға берді Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Сөз соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет екенін, Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келгенін атап өтті.

Айта кетейік, жоғарыда айтылған ресейлік саясаттанушы Дробницкий «Келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген пікірі «Россия 1» арнасындағы Соловьевтің шоуында айтылған болатын.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: