Сенбі, 21 желтоқсан, 21:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сырбойылық делегация Барселона қаласында инвесторлармен кездесті

05.12.2024

163 0

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының жұмыс сапары Испанияның Барселона қаласында жалғасуда.

Бүгін облыс әкімі жауапты сала басшылары, кәсіпкерлермен бірге инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Алдымен сәулет, құрылыс, интерьерге, жуынатын бөлмеге арналған өнімдерді өндіруге және сатуға маманданған компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Келесі кездесу СЕО «Krystaline Technology S.A.» компаниясының директоры Хорхе Компанимен өтті. Компания жұмысының негізгі бағыты – бетонды гидрооқшаулауға арналған қоспалар мен ерітінділер өндіру және сату. Олар елімізде инновациялық қоспалар өндіруге қызығушылық танытуда.

Сонымен қатар, делегация «DLQ International Consulting, S.L.» компаниясының президенті Рафаэль де ла Куадро, «Groinn» компаниясының Испания бойынша директоры Хавьер Бланкомен де келіссөздер жүргізді.

«DLQ International Consulting, S.L.» компаниясы Қазақстан Республикасында былғары индустриясын зерттеудің техника-экономикалық негіздемесін дайындап, 1 қазанда Испанияның Сауда хатшылығына 1 млн. еуро көлемінде грант алуға құжат тапсырды. Сол айда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевпен бейнебайланыс өткізілген. Қазақстандық тарап осы жобаға қызығушылық танытуда.

Ал, «Groinn» компаниясы ауыл және орман шаруашылығын басқаруды оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен озық датчиктерді біріктіретін технологиялық құрылғыларды әзірлеуде. Компания өз жобасын елімізге инвестициялауға және серіктес іздеуге ниет білдірді.

Облыс әкімі кездесулер барысында Қызылорда облысы әріптестік пен инвестициялар үшін әлеуетті, қарқынды дамыған өңір екенін айтты. Ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытқан кәсіпорын басшыларына алғысын жеткізді.

«Облыстың басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, жоғары деңгейдегі инфрақұрылымы, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері.

Өңірде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар. Еліміздің ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы Қызылорда облысында орналасқан.

Аймақта қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Сондай-ақ, балық шаруашылығы – басым сала. Өңірде Арал теңізі және 200-ден астам көл бар.

Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қойының тұқымы аудандастырылған. Шикізат өңдейтін жобаларды іске асыруға қор жеткілікті.

Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, өндірісті дамытуда бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Өңірдің тәжірибелі кәсіпкерлері серіктес болу үшін келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді. Сіздерді де Қызылорда облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз!», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, алда Валенсия аймағының өнеркәсіптік инженерлер палатасы басшысының орынбасары Карлос леон Фалконмен кездесу де жоспарда бар. Сырбойылық делегацияның Барселона қаласындағы жұмыс сапары ертең де жалғасады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: