Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 08:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлықтау салтанаты

29.11.2022

560 0

26 қараша күні Астана қаласындағы «Тәуелсіздік» сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті

Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы «Тәуелсіздік» сарайының Үлкен залына әкелінген соң Қазақстан Республикасының Президенті келіп, мінберге көтерілді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді:

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүк­телген мәртебелі міндетін адал ат­қаруға салтанатты түрде ант етемін!».

Сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне орай  Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Ал «Ақорда» резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне зор сенім артқан барша отандасына алғыс айтты.

– Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау –  ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алдағы қызметінің бірқатар негізгі бағытын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Еліміз даму жолында, негізінен, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар шетелден тікелей инвестиция тарта отырып, түрлі саладағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыра беретінін жеткізді. Саяси жаңғыру үдерісі жоспарлы түрде жалғасады.

Ұлықтау рәсіміне Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкіл­дері, орталық мемлекеттік басқару орган­дарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни кон­фессия өкілдері, облыс­тар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, саяси партиялардың басшылығы, Республикалық және ай­мақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: