Жұма, 27 желтоқсан, 00:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа Қазақстанға жол

21.05.2022

690 0

Мемлекет басшысының Конституцияға өзгеріс енгізуді жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру туралы ұсынысы өркениетті елдердің ұстанымына сай. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы осындай пікір білдірді. Халық қалаулысы өңірлік коммуникациялар орталығында Сыр журналистерімен еркін форматта кездесті. Ол – бүгінде референдумды өткізуге байланысты құрылған республикалық штабтың мүшесі.

– Естеріңізде болса, Конституция 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Содан бері 27 жыл уақыт өтіпті. Оған қаншама өзгертулер енгізілді? Еліміздің Ата заңы биліктің үш тармағының тепе-теңдігін тек қағаз жүзінде ұстап, ал іс жүзінде авторитарлық суперпрезидентік билік орнатты. Демократияның негізгі принциптері бұзылды. Ал қазір жағдай мүлдем бөлек. «Президенттің басты ұстанымы – халықтың үніне құлақ асатын, бір-бірінен тәуелсіз Атқарушы, Заң шығарушы және Сот билігін орнату. Бүкіл өркениетті елдердің ұстанымы осындай, – деді сенатор.

Кездесу барысында депутат Ата заңға енгізілетін өзгерістердің болашақта халықтың жағдайының жақсаруына оң әсер ететінін баса айтты. Өйткені Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейте отырып, сайлау жүйесін реформалау, жаңа саяси партиялардың құрылуы маңызды. Әрбір азаматтың ұсынысы, қолдауы және белсене атсалысуы референдумның іске асуына ықпал етпек. Бұл референдум арқылы тарихи шешімдер қабылданады. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір адам өз таңдауын жасап, осы науқанға атсалысуы керегін тілге тиек етті.

Сонымен қатар референдум әр қазақстандыққа өз пікірін білдіруге, мемлекеттік басқару процесіне араласуына мүмкіндік беретінін айтқан депутат жалпыхалықтық референдумдағы дауыс берудің ережесі мен шарттарына тоқталды. Сондай-ақ қабылданатын өзгерістерді тілге тиек етті.

– Референдум «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы алғашқы нақты әрі батыл қадам. Өйткені мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін құрайтын Ата заңға енгізілетін өзгерістер халық талқысына шығарылып, барша қазақстандықтардың ой-пікірін ескере отырып, қабылданғалы отыр. Біз болашақ даму жолымызды бүкіл ел болып бірлесе шешкелі отырмыз. Бұл қадам ел ертеңі үшін әрбір азаматтың көзқарасының қаншалықты маңызды екенін, жаңа мемлекет құруда өзінің де үлес салмағы барын сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан референдум көзделген уақытта өтіп, ортақ ұмтылысымыздың нәтижелі болатынына еш күмән жоқ, – деді депутат.

Басқосуда халық қалаулысы Президент пен Парламент өкілеттігіндегі жаңашылдыққа айрықша назар аударды. Сондай-ақ жер мәселесі, мемлекеттік тілге байланысты пікірін білдірді. Одан кейін заңгер ретінде өлім жазасының Ата заңнан алынып тасталуына тоқталды. Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылдан бері мораторий енгізілген еді. Енді міне, заң жүзінде мүлдем тыйым салынбақ. Сонымен қатар журналистердің Конституциядағы өзгерістер мен толықтыруларға байланысты қойған сауалдарына жауап беріп, жіті түсіндірді.

Ақмарал ҚАДЫРХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: