Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жолдауда білім саласына қолдау көп

20.09.2022

1011 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы дәстүр бойын­ша Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жолдады.

Президентіміздің бұл жолғы Жолдауы – өткенге есеп беріп, ертеңгі бағытты айқындайтын аса маңызды тарихи оқиға болды. Ал оның Білім күнімен тұспа-тұс келуі біздер, яғни ұстаздар үшін ерекше мәнге ие болып отыр. Осы жолғы Жолдауда да көпте­ген өзекті мәселе назарға алынды.

Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуа­­­лын әлдендіруге, тұрғындардың өмір сапа­сын арттыруға бағытталған жаңа шешімдерді естіп қуанып қал­дық. Мемлекет басшысының әрбір Жолдауын асыға күтеміз. Оның ішінде білім саласына қатысты не айтар екен деп елеңдеп отырамыз.

«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Балаларды балабақшамен қамта­масыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы сала­дағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайт­қан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», – деп атап өтті Президент.

Сонымен бірге орта білімнің сапасы да – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқи­тын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім саласындағы жаңа өзгерістер еліміздің болашағы – саналы, сауатты, сапалы ұрпақтың қалыптасуына бас­тайтын жол деп білемін. Мектептің көбеюі, балаларға техникалық бағыт­тың тереңдетіле оқытылуы, жаңа білім беру жүйесі, ұстаздарды қолдау, идеяларға ашықтық, әділдік жаңа Жолдаудың жарқын жағын көрсетеді. «Талантты ұстаз баланың тағдырын өзгертеді» деген сөз бар. Демек, балалар мен ұстаздар үшін жасалар әр жақсы жаңалықтың жемісі ел болашағының көрінісі болмақ.

Гүлсая Амангелдіқызы,

И.В.Панфилов атындағы

 №5 мектеп-лицейінің директордың ғылыми әдістеме ісі жөніндегі орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: