Жұма, 22 қараша, 19:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Көрсеткіш емес нәтиже керек немесе елді саңдалтқан «Еңбек биржасы»

09.10.2021

1576 0

Соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін түрлі жобалар қолға алынуда. Бұл мақсатта тиімді жобалар жүзеге асқанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі екі қолға бір күрек таппай, сандалып жүргендер көп. Қазір қайда барсаң да жұмыс өтілін сұрайды. Оқуды жаңа бітірген жас маманда тәжірибе қайдан болсын?

Елімізде 2018 жылдан бастап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы «Электрондық еңбек биржасын» іске қосты. Мұнда жұмыс берушілерге бос жұмыс орындары ұсынылады. Еңбек нарығының барлық қатысушыларына жұмыспен қамту агенттіктері мен онлайн-алаңдар қолжетімді. Ешқайда шықпай, үйде отырып-ақ жұмыс табуға болады. Сондай-ақ еңбек нарығында бар бос жұмыс орындарының тізімімен танысуға, мамандық бойынша жұмысшы және жұмысты таңдауға мүмкіндік бар.

Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, қала бойынша бүгінде «Электрондық еңбек биржасында» жұмыс іздеуші ретінде 4576 азамат тіркеліп тұр. Ал осы уақытқа дейін 1268 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Оны тікелей «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» қадағалайды.

Қош делік. Алайда халықтың көбі қазір «Еңбек биржасына» сенуден қалды. Өйткені бүгін шыққан бос жұмыс орнына сол сәтте барсаң, адам алып қойған болып шығады. Анығын айтқанда, қазір барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар бос орынға алдын ала адамын дайындап, содан соң «Еңбек.кз» порталына салады. Бұл жерде «бармақ басты, көз қыстының» әрекетін аңғарасың. Мәселен, қала тұрғыны Мақсат Мырзағали биыл «спорт және дене шынықтыру» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірді. Десе де әлі күнге жұмыс таппай жүр.

– Тамыз айынан бастап, «Еңбек биржасын» күнде қараймын. Қандай мектепте бос орын шықса, соған дер кезінде түйіндемемді алып-ұшамын. Бірақ ол орын бос болмай шығады. Қуанып, алып-ұшып барғанымда көңілім су сепкендей басылады. Осылай қанша жерге бардым. Бәрі де бос емес. Сонда «Еңбек биржасына» бос орынды өтірік шығара беретін болғаны ма? Қазір тіпті оны көрмеймін де. Босқа үміттенесің. Сенуден қалдым, – деді ол.

Бүгінде жұмысқа орналасу үшін алдымен осы «Еңбек биржасына» жұмыссыз ретінде тіркелесіз. Содан соң ғана жұмысқа қабылданасыз. Әрине, бәріне топырақ шашуға әсте болмас. Себебі бұл жүйе арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандар да бар. Бірақ Мақсат сияқты қайда барса да жұмыс жоқ, екі ортада әуре-сарсаңға түсіп жүргендер де жетерлік. Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Аралап, көрмесек те «Еңбек биржасына» бос орын жариялаған бір-екі мектепке телефон арқылы хабарластық. Бәрі де орынның бос еместігін алға тартты. Бір өкініштісі, мемлекет тиімді жобаны қолға алғанымен оны өзіміз қолдан бұрмалап отырмыз. Өйткені бүгінде «Электрондық еңбек биржасы» арқылы жұмысқа орналасу қиынның қиыны. Себебі бос орынды әрбір мекеме өзі салады. Қызметкерді таңдауды да өз еріктеріне қалдырған. Осыдан кейін түсінбеушілік туып, шикілік шығуда.

– «Электрондық еңбек биржасының» тиімді жағы өте көп. Бұрын біз түйіндемені қағаз жүзінде жинайтын едік. Тіпті кейбірінің түйіндемені жазып әкелуге мүмкіндігі болмайтын. Ал қазір үйде отырып-ақ «Еңбек.кз»-те түйіндемесін салады. Бәрі де қолжетімді. Атап айтсақ, жұмысқа тұратын азамат «Еңбек биржасынан» өзінің жеке парақшасын ашып, онлайн жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі. Мұнда адам жұмысқа өзін ұсыну арқылы жіберіледі. Содан соң жұмыс беруші жұмыс іздеушілердің арасынан өздеріне керек маманды таңдап алады. Ал оның заңды түрде дұрыс жүргізілуін еңбек инспекциясы бақылайды, – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының

«Жұмыссыздарды тіркеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бөлімі басшысының міндетін атқарушы Меруерт Абдуллаева.

Жалпы бұл жобаның мақсаты жұмыссыздықты жоюға арналғаны белгілі. Дегенмен оны өз пайдасына пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Сонда біздің ұтарымыз не? Бұл «Еңбек биржасының» қарапайым халыққа пайдасы қандай? Мұны кім бақылап отыр? Осы сұрақтардың жауабын ешкім де білмейді. Бәрі бір-біріне сілтеуге үйір. Еліміздің басқа аймағында, мүмкін, бұл жүйе расында сапалы жұмыс істеп жатқан шығар. Алайда біздің өңірде ақсап тұрғаны шындық. Оны қай-қайсысынан сұрасаң да ашық айтып береді. Ал сіз қалай жұмысқа тұрдыңыз?..

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: