Бейсенбі, 25 сәуiр, 20:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Орамал ма, хиджаб па?

18.09.2021

1160 0

Бүгінде 2-ші сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында қазақ халқының ұлттық киімдері арасында тұрған хиджабқа ұқсас орамалдың суреті көптің талқысына түсті. Бұл мәселені жыл сайын 2 сынып оқитын баласы бар әрбір ата-ана қозғайды. Нәтижесінде хиджаб суреті жоқ жаңа оқулық жарық көрген еді. Алайда бұл мәселе биыл да оқушылар мен ата-аналардың алдынан қайта шықты. Себебі аталған суреті бар оқулықпен балалар әлі күнге дейін оқып жүр.

Біз де қарап отырмай, жан-жақтан сұрастырғанды жөн көрдік. Бұл суретті бірі «орамал» десе енді бірі «хиджаб» деп түсінетінін жеткізді. Әркім әртүрлі айтады. Мәселен, «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі Айнұр Сабыр деген желі қолданушысы осы мәселеге байланысты өз пікірін білдіріп, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке желі арқылы хат жолдаған.

– Сіздердің орамалдың қазіргі үлгісін қазақтың ұлттық бас киімі қатарына қойғандарыңызды жөн деп санамаймын. Тарихты өзгертіп, «мен білемге» салуға болмайды. Үлкен орталық солай етсе, басқадан бәрін күтуге болады емес пе? Бұл кітаптағы суретте хиджаб белгіленген. Ал өзгертілген жаңа нұсқасымен мектептер әлі күнге қамтылмаған. Өйткені Шығыс, Батыс, Алматы облысындағы мектептерде әлі хиджабы бар кітап оқытылуда. Неге? Сарапшылар орамал деп жеңістік бермегенмен, сол кітапты оқитын балалар шетелдік «Нусса» мульт кейіпкерінің анасының бас киімі деп түсінуде. Яғни ол – хиджаб. Өздеріңіздің түрлі қиялдарыңызбен (сән әлемін шарлаған) баланы адастырмаңыздар. Қазақтың орамалы – ақжаулық. Ұрпаққа кері тәрбие бермеңіздер. Асхат мырза, маған дау керек емес. Менің баламның адаспағаны, қазақтың ұлттық құндылығын танығаны қажет. Сізден алдағы уақытта жаңадан басып шығарылатын оқулықтың сапасы мұқият тексерілуін ҚР-ның азаматы, ата-ана, ұстаз ретінде сұраймын, – деді өз парақшасында.

Әрине, әрбір адамның жеке көзқарасы мен ой-пікірі бар. Тек оны кімнің қалай қабылдап, қалай түсінгеніне байланысты. Бұл жазбаны оқып, қолдау білдіргендер де, еш әбестігі жоқ екенін айтқандар да болды. Дегенмен Білім және ғылым министрлігінің республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы да үнсіз жатпай, жауап берді.

– «Оқулықта хиджаб суреті жүр» деген сөздер желдей есіп жүр. Бірақ әуелде оқулық әзірлеушілер мұнда хиджабты емес, жаулық-орамалды бейнелеуді көздеген. Десе де әр оқырман өзінше көріп, пайымдайтындықтан оқулықтағы жаулықты басқа дүниелерге ұқсатқандар да болды. Осыған орай, 2017 жылы қайта басылып шыққан жаңа нұсқасынан бұл сурет алынып тасталды. Қазіргі кезде қолданыстағы оқулықтың басым көпшілігінде бұл сурет жоқ. Сөзімізге дәлел болсын деп, оқулықтың 12-ші бетін осы жарияланым астына қоса тіркеп отырмыз. Сонымен бірге мұны ҚР БҒМ ресми сайты арқылы оқулықтың көпшілікке қолжетімді электронды нұсқасынан да көруге болады, – деп орталық мамандары әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді.

Алайда ата-аналар бұл жауапқа қанағаттанбай отыр. Себебі олар көп жерде хиджаб суреті бар оқулық қолданыста жүргенін алға тартады. Осы жазбаға байланысты мектептегі бастауыш сынып мұғалімдері де өз пікірін білдірген.

– Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 22 жылдан бері бастауыш сыныпта сабақ беремін. Бұл жерде мұғалімнің біліктілігі деген дүниені жоққа шығарып отырсыздар. Бұл тапсырмадағы ең басты мəселе – у дыбысының негізгі қызметін (дауысты, дауыссыз) ажырату. Сондай-ақ оны жаулық деп түсіндіру көзделеді. Бүйректен сирақ шығарғыштардың құлағына алтын сырға болсын. Қоғамда білімге деген дауды кім болса сол талдап, əйтеуір кем ойлауға соқтығысуда. Бұл дегеніміз баланың болашағына сенімсіздік ұялатып, «ез» оқушыны дайындау қаупін туғызады. Оны түсіндіретін бастауыштың маманы бар. Осыны ұмытпайық. Кез келген мұғалім бұл суретті хиджаб деп түсіндірмейтіні айдан анық, – деді Әсел Мырзабаева.

Кім не десе де қазақтың ұлттық бас киімдерінің қасында тұрған бұл сурет біздің салт-дәстүрімізге үш қайнаса да сорпасы қосылмасы анық. Қанша жерден қалай ақталса да кемшілікті түзеткеннен-ақ, қателікті мойындағанын аңғаруға болады. Сонымен көптің көңілін күпті еткен сурет орамал ма, хиджаб па? Сіз қалай ойлайсыз? Сіздің балаңыз қай оқулықпен оқып жүр? Бұл суретті қалай түсіндірдіңіз?

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: