Жұма, 27 желтоқсан, 07:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Репетитор кімге тиімді?

03.04.2021

4137 0

Қазір жыл он екі ай білім беретін репетитордың дәурені. Артық қаржы болса, мектеп табалдырығын аттаған өренді де, бітіруші түлекті де репетитор жалдап оқытқанды жөн көреді. Бұл бір жағынан мұғалімді де, әрі ата-ананы да артық жүктен арылтатын сияқты. Енді екі айдан соң оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталады.  Бітіруші түлектердің алдағы сынақтарға дайындығы қазірден қызу жүруде. Былтырдан бастап оқу барысы қашықтан жүргізілгендіктен, жалдамалы ұстаздың көмегін құп көргендердің артқаны рас. Олардың берген білімі сапалы ма? Әр сағаты өлшеулі, білімі құн тұратын репетиторды жалдап оқыту мүмкін тиімді шығар?

Іздемей-ақ табылар…

Репетитор көп жағдайда ҰБТ-ға дайындық жасауда қажет екендігі өтірік емес. Яғни басты мақсат – сабақ барысында игере алмаған пәнді қосымша оқып, меңгеру. Көпшілік түсінігінде мұғалім оқушының түсінбеген тақырыбын жеке қалып, түсін­діруі тиіс. Бірақ мұндай оқушы біреу емес бірнешеу. Сондықтан сыныптағы әр баламен жеке дара жұмыс істеу мұғалімге артық күш. Одан бөлек басқа сыныптағы сабағы тағы бар. Осындай сәтте жалдамалы ұстаз бірден-бір көмек. 

Ғаламтор деген ғажайыпты ашсаңыз, керекті дегеннің бәрін табасыз. Сол сияқты репетиторды да осы жерден іздеп табу қиындық тудырмайды. Оларға арналған арнайы сайт та бар. Сол арқылы қажетті пән мұғалімін таңдаңыз. Иә, таңдауға ерік берілген. Кімнің қандай дәрежеде оқыта алатыны, білімі, санаты, көрсеткіші, тіпті тәлім алған оқушылардың пікіріне дейін жазылған. Соған лайық ақысы да белгіленген.

Байқағанымыздай, ағылшын тілі репети­торларының қарасы қалың екен. Сондықтан ең төменгі баға 1000 теңге мен 3500 теңгеге жуықтайды. Ал физика, математика, химия, биология сынды пәндердің бағасы 2 мың мен 5 мың теңге аралығында. Тарих пәні мен қазақ тілін оқыту 2000-3500 теңге тұрады. Бұл – сағатына төленетін ақы. Егер жеке оқытатын болса ақы көлемі бұдан жоғары болмақ.

Қалтаға түсер салмақ қанша?

Баласы үшін ата-ана ештеңе аямайды. Әсіресе, мектеп бітіретін баласының сынақтан сәтті өтуі үшін барын салады. Репетитор алдымен осындай сәтте қажет. Қай әке-шеше баласының білімді, саналы болғанын қаламасын?! Жоғары оқу орнына грантқа түсіп, мамандық иесі болғанын құп көреді. Кейде білімді тек мектептен алмай, қосымша оқып, тереңінен меңгергені балаға да жақсы.  Оған, әрине, қалта көтеру керек.

Сонымен репетитор жалдап оқыту үшін ата-ана қалтасынан қанша қаражат шығарады? Мә­селен, 9, 11 сыныпты бітіретін оқушылардың көбі техникалық пәндерге басымдық береді. Әсіресе, сынақ барысында негізгі пән саналатын математикадан, орыс мектебінің оқушылары қазақ тілі, тарих пәнінен репетитор жалдайды екен. Одан соң таңдаған мамандығына сәйкес пән бойынша физика, химия, биология, ағылшын сынды пәндер бар. Сонда бітіруші түлектер кем дегенде екі пәннен репетитор жалдауы тиіс. Мейлі ағылшынды, не физиканы таңдасаң да қосымша математиканы игеруіңіз керек. Бір пәнді жетік меңгеріп, басқасының шолақ шыққаны тиім­сіз. Енді жоғарыда көрсетілген баға бойынша есептей беріңіз. Әр пәнге бір сағаттан бөліп, аптасына 3 рет барыңыз. Репетиторды екі пән бойынша жалдаңыз. Ең төменгі баға 2 мың теңге болсын. Сонда аптасына 2 пәнге 6 сағат уақыт, 12 мың теңге ақша жұмсайсыз. Ал айына шама­мен 50 мың теңгеге шығады екен. Бұл – қарапайым қызметкердің бір айлық жалақысы. Бірақ амал жоқ, баласының білім алуы, сынақтан сүрінбеуі үшін осынша қаржы шығаруға тура келеді.

Қала тұрғыны Жәмилә Ізтаева былтыр мектеп бітірген ұлына аз қаражат жұмсамағанын айтады. Әйтеуір еңбек ақталып, ұлы Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының бірінде тегін оқуға мүмкіндік алыпты.

– Былтыр оқу жылының соңын­да елде төтенше жағдай жария­ланып, қашықтан оқуға, жұмыс істеуге көштік қой. Сол уақытта мектеп бітіретін ұлымның жайы алаңдатты. 11 сыныпқа көшкелі шамам жеткенше қосымша оқытуға тырыстым. Мектепте жақсы оқы­ғанымен, ҰБТ кезінде жан-жағына алаңдамай толыққанды дайын бол­ғаны дұрыс деп ойладым. Содан біз де репетитордың көмегіне жүгіндік. Физика, математика пәнін қосымша оқыды. Солай 3-4 ай көлемінде сабақ алды. Негізі мұндай кезде репетитордың сабағы қымбаттай түседі. Әр пәннің сағатына 5 мың теңгедей төледім ғой деймін. Жалпы қанша қаражат жұмсалғанын есептемедім. Бірақ аз ақша кеткен жоқ. Бар тапқан-таянғанымызды баламыз үшін аямадық, – дейді ол.

Репетитор қалай оқытады?

Шындығында, мектеп мұғалімі мен репетитор сабақты сол мектеп бағдарламасы аясында түсіндіреді. Тек оны бір оқушы қабылдай алады, ал екіншісі түсінбеуі мүмкін. Екінші жағдайда жалдамалы мұғалімнің қажеттілігі артады. Сондықтан ондай өренге оның көмегі тиімді әрі нәтижелі болуы мүмкін.

– Бір жыл көлемінде мен де  репетиторлықпен айналыстым. Мұ­­ның оқушыға тиімді тұсы көп дер едім. Себебі әр оқушының қабі­леті әртүрлі. Кейбір оқушылар топпен жұмыс істегеннен гөрі жеке оқығанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Мектептегі сабақ барысында түсінбегенін репетитор қамтиды, үйретеді, меңгертеді. Сол сияқты репетитор да сабақты мектеп бағдарламасымен жүргізеді. Тек сабақты игерудің өзгеше әдіс-тәсілін қолдануы мүмкін. Мәселен, математика пәні бойынша есепті оңай әрі тез шешудің жолын көрсетеді. Сабақты жеке өткізгеннің оқушыға пайдасы көп. Дегенмен ата-ана баласын қосымша оқытқанда бір апта бақылау жүр­гізгені абзал. Егер бұрынғыдан өзгеріс байқалса, репетитордың сабақ беру тәсілі балаға түсінікті болса, одан әрі жалғастыруына болады. Керісінше, қолайсыз болса, басқа мұғалімді іздегені дұрыс. Көп жағдайда барлығы оқушының зейініне байланысты. Дегенмен репетитормен жеке оқыған көп жағдайда нәтижелі болады, – дейді математика пәнінің мұғалімі, ре­петитор Гүлжан Сәдуақасова.

Бұл пікірге Расул Рүстемұлы да қосылады. Ол өзі мектеп бітірер тұста репе­титордан жеке сабақ алыпты.

– Оқушылар көбіне мектеп бі­тіретін кезде ғана репетитор жал­дап оқиды. Негізі қай сыныпта болса да қосымша сабақ алған өзің үшін тиімді. Мектептегі сабақ барысында көп нәрсені түсінбеуің мүмкін. Мұғалімнің оны қайталап түсіндіруіне уақыты, кейде шыдамы жетпей жатады. Өзім 11 сыныпта ең негізгі әрі күрделі пәндерді репетитордың көмегімен оқыдым. Оның ішінде математика, физика, ағылшын пәні бар. Жеке оқығаннан кейін еш алаңдамай тыңдайсың, түсінбегеніңді сұрайсың. Бір сағат көлемінде бұрын-соңды білмеген тәсілдерге қанық боласың. Әрине, ол үшін таңдаған репетитор бі­лікті болуы қажет. Мектептегі мұғалімнің үйретері мол. Тек олардың әр оқушыны жеке-жеке оқытуға мүмкіндігі бола бермейді. Ұстаздарымның арқасында, қосым­ша оқығанның нәтижесінде ҰБТ-дан жоғары балл жинадым. Баласының білім алуы үшін жұмсалған қара­жатқа қай ата-ана да өкінбейді деп ойлаймын, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Мектептегі қосымшаға кім барады?

Кез келген білім ордасында 9-11 сынып оқушыларының тереңінен білім алуына баса мән берілетіні кім-кімге де белгілі.  Алдағы маңызды сынақтан сүрінбей өтуі үшін ұстаз да, оқушы да, ата-ана да жанын салады. Мұндайда олардың таңдаған пәндерін тереңдете оқыту, сабақтан тыс уақытта қосымша сабақ өткізу секілді тәсілдері бар. Егер бітіруші өрендер репетитордың көмегіне жүгінсе, мектептегі қосымша са­баққа кім барады?

– Қазіргі таңда мұғалімдердің репетиторлықпен айналысуға уа­қыты бола бермейді. Себебі мек­тепте 11 сынып оқушыларының дайындығына көңіл бөлу керек. Өзім қызмет ететін №212 мектеп-гимназияда репетиторлықпен айна­лысатын ұстаздар жоқ. Ал бітіруші түлектердің сынаққа дайындығына үш жақты (ұстаз, оқушы, ата-ана) келісім негізінде арнайы кесте құрылған. Оқушының сабақ барысында түсінбегені, қалыс қалған тақырып қосымша сабақ барысында түсіндіріледі. Репетитордың көме­гіне жүгінетін оқушыларымыз бар. Бірақ олар мектептегі қосымша сабақтан тыс уақытта барады. Яғни, кешкілік уақытта, сенбі не жексенбі күндері. Репетиторға бару әр оқушының өз еркінде. Әрине, оған қаржылық шамасы жетсе, неге бармасқа? Оқушының сабақтан тыс уақытта білімін жетілдіргені құптарлық іс, – дейді қаладағы №212 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Айжан Тимурқызы.

P.S. Қазіргі таңда бұрынғыдай тек 11-сынып оқушылары ғана емес мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер де репетитордан алдын ала білім алады. Ата-ананың ондағы ойы – ойын баласы 1-сыныпқа біліп барса, ертеңгі күні қиналмаса. Оған өзінің жұмысбастылығын, қазіргі мектеп бағдарламасының ауырлығын, түсініксіздігін, балаға үйде сабақ оқытып отыратын шамасы жоқтығын қосыңыз. Сұранысқа сай бүгінде оқу орталықтары да көбейген. Қалтаңыз көтерсе, ондағы мұғалімдер балаңыздың зейінін ашып, тақылдатып шығарады.

Зерттей келе, бақағанымыз, бізде репетиторға қажеттілік оқушы мектепке баратын және бітірер тұста артады. Расымен, оқушы сабақ барысында түсінбегенін қосымша оқып білсе, немесе кез келген сынып оқушысының ата-анасы баласының біліміне осылай көңіл бөлсе үлгерімі төмен оқушы болмас па еді?! Қалай ойлайсыз, репетитор кімге тиімді?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: