Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тұрғын үй нарығы: баға неге қымбаттады?

02.02.2021

3371 0

Баспана бағасы қымбаттады. Тағы да қымбаттайды. Мұның себебі… Шынында себебі қандай? Бүгінде қоғамда жиі талқыланып жүрген, тіпті басты мәселеге айналған үй бағасының қымбаттауына түрлі себеп айтылуда. Пандемияның әсері, зейнетақы жинағының бір бөлігінің беріле бастауы және тағы басқа себептер аз емес. Алдағы баға жайына болжам жасамас бұрын өткен жылы тұрғын үй нарығында бағаның қалай құбылғанына тоқталып көрейік.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 2020 жылдың желтоқсан айында 307,6 мың теңгені құрап, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,4 процентке, ал абаттандырылған үйдің 1 шаршы метрі 228,2 мың теңге болып, 20,1 процентке өскен. Сарапшылар үй бағасының өсуіне зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтардың алуына мүмкіндік жасауынан деген алып-қашпа пікірлердің тіпті қатысы жоқ екенін айтады. Себебі баспана бағасы өткен жылдың желтоқсанында едәуір өсе түскен.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап айтты. Яғни мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу жөнінде тапсырма берді.

Баспана бағасының өсуінің себебі неде? Шынында зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтарға беру баспана бағасына әсер етеді ме?  Мұнан өзге қандай себеп бар? Тұрғын үй нарығына әсер еткен фактор­ларды жан-жақты қарастыру үшін мамандардың пікіріне сүйендік.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетініңі аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі Гүлшат Мұсаева бағаның қымбаттауына алып келген бірнеше факторды атап өтті:

1. Ұлттық валютаның әлсіреуі. Соңғы үш жылда теңге 30 процентке арзандаған.

2. Баспанамен қамтуға арналған «Нұрлы жер», «Баспана хит», «Бақытты отбасы» және басқа да қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының іске қосылуы нәтижесінде ипотека рәсімдеу өткен жылы 11 процентке артқан.

3. Делдалдар.  Қалталы азаматтар үйдің құрылысы жүріп жатқанда, тіпті іргетасы қаланған сәтте арзанға сатып алады да құрылыс біткен соң үйдің бағасына кем дегенде 15-30 процент көлемінде үстеме қосып, қайта сатады.

4. Нарықтық экономиканың ең маңызды элементтері – сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Бағасыз факторлардың әсері

Экономистің пікірінше, нарықта сұраныс пен ұсынысқа бағадан басқа да бағасыз факторлар әсерін тигізеді. Атап айтқанда, тұтынушылардың та­бысы мен тұтынушылар саны, талғамы, бірін бірі алмастыратын тауарлар баға­ларының өзгеруі, ресурстар бағасы, технология.

Осындай бағадан басқа да фактор­ларды атап өткен экономист мұның барлығына жеке-жеке тоқталып, талдау жасады:

– Сұраныс пен ұсынысқа баға­дан басқа әсер ететін факторлардың бі­рі – тұтынушылар табысы. Табыс өс­кен сайын тұтынушылардың сұранысы да көбейеді. Елімізде орташа жала­қы дең­гейі айтарлықтай өсті. 2020 жыл­дың қыркүйегінде бұл көрсет­кіш 208666 теңгені құрап, 2015 жыл­мен са­лыстырғанда 65,6 процентке өсті. Әсі­ресе, білім, денсаулық, әлеуметтік қызметтер саласында екі есеге артқан.

Екінші фактор – тұтынушылар саны. Тұтынушылар саны көбейген сайын сұраныс та өседі. Баспана нарығында сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігінің болмайтыны секіл­ді, халықтың бар­лығы  дерлік бас­панамен толық қам­тылуы күрделі процесс. Мысалы, Қызылорда қала­сында 70 мыңнан аса отбасы өмір сүруде. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны – 25395. Осыны ескере отырып, тұрғын үй құрылысын дамытуға басымдық берілуде. Өткен жылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 380 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі жан басына шаққанда Еуропада 45-55 шаршы метр, ал бізде 20 шаршы метрден 23,6 шаршы метрге өсті. Дегенмен бұл көрсеткіш жеткіліксіз.

Үшінші фактор – тұтынушылар талғамы. Бүгінде пәтерден гөрі жеке сектор мен саяжайға, жер теліміне сұраныс басым. Бұл сұранысқа пандемия әсер еткен. Еліміздің облыс орталықтары мен шағын қалаларында жыл сайын инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін шамамен 25 мыңға жуық жер телімі бөлінеді.

Төртінші, бірін бірі алмастыратын тауарлар бағасының өзгеруі. Егерде тауарлар бірін-бірі алмастыратын болса онда бір тауардың бағасының өсуі екінші тауарға деген сұраныстың ұлғаюына әкеледі. Біздің мысалымызда жаңа тұрғын үй бағасының артуы оны алмастыруға болатын екінші деңгейлі тұрғын үйге деген сұранысты көтеріп жіберді. 2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, оның ішінде екінші деңгейлі тұрғын үй алуға мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде нарықтың сұраныс заңына сәйкес екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының шарықтауына әсер етуде.

Бесінші, ресурстар бағасы. Ресурс­тар бағасының өсуі ұсыныстың азаюына әкеледі. Құрылыс материалдарының шеттен әкелінуі де жаңа тұрғын үй бағасына қатты ықпал етеді, өйткені өзге елдермен сауда-саттық АҚШ доллары бағамына тәуелді. АҚШ долларына шаққанда ұлттық валютаның әлсіреуі бағаның көтерілуіне әкеліп соғады. Сондықтан құрылысқа қажетті ресурстар топтамасында отандық өнімдерді пайдалану халыққа, бизнеске және жалпы елге пайдалы. Елімізде үй салуға қажетті өнімнің 90 проценті өндіріледі,– дейді Гүлшат Мұсаева.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Бағдарламаның бағаға әсері бар

Ал белгілі экономист-сарапшы, UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық тұрғын үй бағасы­ның көтерілуіне әсер еткен фак­тор мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар дейді.

– Бағаның өсуі 2020 жылдың тамыз айынан басталды. Бұған әсер еткен фактор – мемлекеттік арнайы ипотекалық бағдарламалардың әсе­рі. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласында «Алматы жастары» деген бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама бойынша мыңдаған жасқа төмен процентпен ипотекалық несие берілді. Әрине, қаншама азаматтың үйлі болып жатқаны қуантады. Мемлекеттің тұр­ғындарға жақсылық жасасам деген ниетінің кейде кемшін тұстары да болады. Кемшін тұсы – бағаның өсуіне әсері. Бағдарламамен мыңдаған жас аз ғана уақыт ішінде 13 млн теңгегеге дейін несие алуға мүмкіндік алып, жүгіріп жүріп үй тапты. Сол кезде Алматы қаласында ұсыныс ретінде нарықтағы пәтер саны бар болғаны 300-ақ еді. Сұраныстың көбейгенін түсінген пәтер сатушылар 10 млн деп бағалаған үйін аяқ астынан 14 млн-ға көтеріп, саудаласу кезінде 1 млн ғана түсіп, 13 млн теңгеге сата бастады. Нәтижесінде ең нашар пәтерлер осындай бағаға сатылды. Бұдан кейін мемлекеттік бағдарлама тұрғын үйдің бағасына әсер етпей жатыр деп қалай айтамыз? Бағдарламаға қатысқан қаншама жастың ішінен жоғары балл жинаған 1000-ы ғана іріктеліп, әрең дегенде ең нашар пәтерге қол жеткізді. Шын мәнінде ондай пәтерлерді 9-10 млн теңгеге алуға болатын еді. Бұл бір ғана бағдарламаның тұрғын үй бағдарламасына тигізген әсері. Мұндай бағдарламалардың көптігі соңғы жылдары тұрғын үй бағасының  өсуіне әсерін тигізіп отыр, – дейді экономист-сарапшы.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Өзіндік құнды есептеу жоқ

Тұрғын үй бағасының қымбат­тауы­ның бір себебі өзіндік құн­ның есебі жоқтығынан дейді эко­номика тақырыбында жазатын журналист Жолдасбек Ақсақалов.

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасындағы түйткілдерді атап айтты. Бұл мәселелер дәл бүгін емес, бұрыннан қалыптасқан. Шынында, бізде қағазда өтірік көп. Оны мойын­дауымыз керек.

Тұрғын үй бағасы неге қымбаттады? Себебін іздейік. Біріншіден, өзімізде өндірілетін өнімнің үлесі аз. Импортқа тәуелдіміз.  Тұрғын үй бағасына байланысты кейбір экономистер мынадай уәж айта бастады. Олардың пікірінше, тұрғын үй ипотекасының нарығы  түгелдей мемлекеттің қолында. Мұны жекелерге беру керек. Сонда бәсекелестік болады, баға түседі. Мен бұл пікірге толық келіспеймін. Себебі қазір халықтың 70 проценті кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Ал халық кедей болса, бәсекелестікті дамыту өте қиын.

Бағаның қымбат болуының бір себебі  жыл сайын 7-10 процент инфляция болады, содан құрылыс материалдары қымбаттайды.  Осындайда құрылыс материалдары өзімізден шығады, баға неге қымбаттайды деген сұрақ туатыны заңдылық. Мәселені басқа жағынан қарастырайық. Қазір бізде тұрғын үй құрылысын салған кезде өзіндік құнды есептеу жоқ. Кеңес Одағы кезінде 1000 теңгеге салынған үйді халыққа әрі кетсе 1200 теңгеге сататын.  Мұны экономикалық тілмен айтқанда 20 процент рентабельділік дейді. Ал қазір 1000 теңгеге салынған үй 1500 теңге ме, әлде екі есе бағасын қосты ма, оны бір құдай біледі. Себебі тексеру механизмі ақсап тұр. Яғни өзіндік құн есебі болмаған соң бағаны жыл сайын қымбаттата береді. Жаңадан салынған бір үйден құрылыс компаниясы да пайда көреді, банк те пайда көреді, тіпті құрылысшыға да пайда. Айналып келгенде қарапайым халықтың қалтасына салмақ түседі.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Қадағалау жоқ

Тұрғын үй бағасының негізсіз өсуінің бір себебі бағаны қада­ғалаудың жоқтығынан екенін экономист сарапшы Мақсат Халық та айтты. Ол былай дейді:

– Тұрғын үй бағасына әсер ететін фактор – доллардың бағасы. Теңге құнсызданған кезде доллар өсіп кетсе, тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне әсер етеді. Өйткені құрылыс компаниялары құрылыс материалдарының көп бөлігін шетелден алып келеміз дейді. Осыны сылтау етіп бағаны өсіре береді. Екінші фактор – құрылыс материалдарының бағасы. Доллар өссе болды, баға қымбаттай береді. Меніңше, құрылыс материалдарын сататын азаматтардың бағаны өсіруге қызығушылығы көп рөл атқаратын сияқты. Сол себепті нарықтағы бағаны қадағалау керек. Себебі құрылыс материалдарының бағасы негізсіз өсіп жатса, тұрғын үйді салып жатқан құрылыс компаниялары да бағаны өсіре береді.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Жұмыс бар, жұмысшы жоқ

Бұл орайда құрылыс­шылар қандай уәж ай­тады? Өңіріміздегі құ­ры­лыс саласында өзіндік орны бар «Дәнекер құ­ры­лыс компаниясы» ЖШС ди­ректоры Әбдімәжит Жан­сақалов құрылыс сала­сын­дағы мәселелерді ашып айтты:

– Өткен жылы Қызылорда об­лы­сында тұрғын үй құрылысы қар­қынының төмен болғаны бәрімізге белгілі. Бұл мәселе 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде де айтылды. Тәжірибелі құрылысшы ретінде сала­ның көкейкесті мәселе­лерін жақсы білемін деп айта аламын. Құрылыс қарқынының төмендеуінің басты себебі – жұмысшы күшінің жетіспеушілігі.

Пандемияға байланысты елімізде еңбек мигранттарын кіргізуге шектеу қою – тұрғын үй құрылысына да, оның бағасына да әсер етпей қой­мады. Құрылыс саласында маман жетіспеушілігі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Өзімнің компаниямнан мысал келтіретін болсам, қазір мекеме қара жұмысшыға, бетон құюшыға, әрлеушіге де зәру. Ал прораб бүгінде қат маманға айналды. Құрылыс саласындағы аға буынның ізін жалғастырар кейінгі буын жоқтың қасы. Ең қиыны – құрылысшы мамандығын оқып, диплом алғандардың басым бөлігі бұл саланың исі мұрнына да бармайтындықтан маңына да жуымай жұмыссыздардың қатарын көбейтіп жүр.  Статистикаға сүйенсек, бүгінде еліміз бойынша 1 млн бос жұмыс орны бар. Жұмыс бар, жұмыс істейтін адам жоқ. Бұл – үлкен мәселе. Өткен жылы еңбек мигранттарының кіруіне шектеу қою – еңбек нарығындағы мәселені ашық көрсетті. Өңірдегі 10-15 кірпіш зауыты Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен еңбек мигранттарының келе алмау себебінен өнімді жұмыс істей алмады. Мұндай жағдай біздің мекемемізде де орын алды. Еңбек мигранттарының болмауынан кірпіш зауытымыз уақытша жұмысын тоқ­татты. Жұмысшы күшінің жоқтығы аймағымызда сұранысқа сай көлемде өнім шығаруына кері әсерін тигізді. Бұл бағаның қымбаттауына да әсер етті.

Бағаның қымбаттауына әсер еткен екінші фактор – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Өткен жылы азық-түлік бағасы 40-50 процентке қымбаттады. Бұл жалпы бағаның қымбаттауына алып келді. Құрылыс бағасы да өсті. Бір ғана мысал, жергілікті зауыттардың кірпіші 50 процентке (былтыр 40-45 теңге болса, биыл 60-62 теңге), Көкшетаудың қызыл кірпіші 50 процентке қымбаттады (былтыр 123 теңге болса, биыл 183 теңге).

Ал құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй бағасына әсер ететіні айдан анық. Қарапайым тілмен айтқанда құрылыс компаниялары қымбат бағаға үй салып, оны арзанға сата алмайтыны белгілі. Қазір біздің компания үйдің шаршы метрін 180-200 мың теңгеден сатуда. Ал жаңадан салынатын үйлерді бұл бағада сата алмаймыз. Себебі белгілі.

Менің ұсынысым – өңірімізде құрылыс қарқынын төмендетпеу үшін еңбек мигранттарын кіргізу мәселесі Үкімет деңгейінде шешімін табуы тиіс. Әйтпесе, бұл мәселе күйінде қалады. Біздің естуімізше, Шымкент қала­сы, Түркістан, Ақтөбе облыста­рында бұл мәселелер шешімін тапқан дей­ді.

Бағаны тұрақтандырудың қандай жолы бар немесе экономистер қандай ұсыныс айтады?

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Гүлшат Мұсаева, экономика ғылымдарының магистрі:

1. Халықтың әл-ауқатын көтеру арқылы орта таптың үлесін арттыру. Оның бірден бір жолы жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағытта елде және өңірлерде кешенді жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы 2025» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Бақуатты тұрғындар баспана мәселесін шешуге де қабілетті болады.

2. Құрылыс материалдарын өндіретін отандық өнім өндірушілерді қолдау арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастыру. Өнім өндіретін кәсіпорындар саны артқан сайын өнім бағасы төмендейді, сапа жақсарады. Нарық заңдылығына сәйкес тұтынушының талғамы мен қажеттілік талаптарына сай келетін өнім түрлерін өндіруші кәсіпорындар ғана нарықта өз позицияларын сақтап қала алады.

3. Эконом кластағы үйлерді мемлекеттің өзі салуы. Сол арқылы бағаны арзандатуға мүмкіндік туады, мұндай үйді салуға кететін құрылыс материалдары мен шикізаттардың 90 проценті отандық өнімдер. Сондықтан баға қымбат болмайды. Бұл халықтың осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

4. Ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үйлер салуды қолға алу. Мемлекеттің құрылыс шығындарын субсидиялау арқылы кәсіпкерлерді ынталандыруы маңызды. Салық ставкасының өсуі ұсыныстың азаюына, субсидияның берілуі ұсыныстың өсуіне әкеледі. Көпбалалы отбасылардың басым бөлігі елді мекендерде тұрады. Оның үстіне ауылда халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі төмен, орташа жалақы мөлшері мардымсыз, жұмыссыздық деңгейі жоғары екендігі белгілі.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Мақсат Халық, экономист-сарапшы, UIB бизнес мектебінің директоры:

1. Мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар тек әлеуметтік осал топтарға ғана арналуы тиіс. Себебі, бағдарламалар санының көптігі тұрғын үй бағасының өсуіне әсерін тигізіп отыр. Сол себепті мемлекет бюджет есебінен тек әлеуметтік осал топтар үшін шығындалуға болады. Ал өзгелер үшін жеңілдетілген несие беру дұрыс емес. Бұл қарапайым халықтың баспанаға қолжетімділігін төмендетіп жібереді.

2. Бюрократиялық кедергілерді жою. Құрылыс компаниялары жаңадан жер сатып алған кезде оның мақсатты қолдануын ауыстыру керек болады. Сондай кезде  бюрократиялық кедергілер болатынын айтады. Бұл тұрғын үй бағасының белгілі бір дәрежеде өсуіне әсерін тигізеді. Кейбір құрылыс компаниясының басшылары «біз эконом кластағы арзан бағадағы үй салғымыз келеді. Бірақ жер сатып алу, жерді мақсатты қолдану бағытын ауыстыру барысында құжаттарды реттеп болғанша көп шығынға ұшыраймыз. Мұның барлығы бағаның қымбаттауына әкеледі» дейді. Осы процедураларды жасаған кезде мемлекет тарапынан құжаттардың тез әрі оңай рәсімделуіне жағдай жасалып, кедергілер жойылса деймін.

3. Теңгенің құнын арттыруға жұмыс жасау. Егер теңге қатты құнсызданбайтын болса, азық-түлік бағасы қатты өсіп кетпесе, инфляция деңгейі түседі. Осы кезде Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені де түсіреді. Базалық пайыздық мөлшерлеме қазір 9 процент. 2021 жылы Ұлттық банк инфляцияны реттеу саясаты бойынша 4 процентке қол жеткізу керек еді. Өкінішке орай пандемияның салдарынан бұл мақсатқа жете алмай қалды. Инфляция өткен жылдың қорытындысы бойынша 7,5 процентке дейін өсіп кетті. Мұндай кезде базалық мөлшерлемені түсіре алмайды. Алдағы уақытта инфляция 4 процентке түссе, базалық пайыздық мөлшерлемені 5 процентке дейін түсіруге болады. Сол кезде ипотекалық несиелердің проценті төмендейді, тіпті екінші деңгейлі банктердің 6-7 процентпен ипотекалық несие беру қауқары болады. Сол кезде арзан ипотекаға жоғары балл жинаған жастар ғана емес, еліміз бойынша барлық жастар, тіпті барлық тұрғын қол жеткізе алар еді. Базалық пайыздық мөлшерлеме түсуі бизнес үшін де жақсы. Кәсіпкерлер арзан несие алады, жұмыс жүреді. Халыққа жақсылық жасау үшін экономика заңдылығын білген дұрыс.

Ұлттық банк жылдар бойы инфляцияны 3-4 процентке жеткізсек деген мақсатта әрекет етуде. Бірақ бұл бір ғана Ұлттық банктің қолынан келмейді. Ақшаның құнын арттыруға үлес қосатын – Экономика, Индустрия, Ауылшаруашылығы, Қаржы министрліктері. Аталған министрліктер еліміздегі өндіріс ошақтарын көбейтуге, зауыттар мен фабрикалар санын арттыруға, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жеңіл өнеркәсіпті жолға қоюға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарды бақылап, бағаны негізсіз өсірмеуге шара қабылдау қажет.

4. Мемлекеттік кепілдік керек. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алған азаматтар  үлескер ретінде құрылыс компанияларына ақшасын аудару мүмкіндігі қарастырылса, нарықтағы сұраныс азаяр еді. Мұндай кезде азаматтар қымбат бағадағы үйлерді алмай, үлескер болуға шешім қабылдар еді. Бірақ осы жерде мемлекеттік кепілдіктің болуы өте маңызды. Жаңадан салынып жатқан үйлерге мемлекет кепілдік беру қажет. Қазір үй алғысы келген азаматтар құрылыс компанияларына үлескер болайын десе, кепілдік жоқ, қауіп бар. Осы мәселе шешімін табуы тиіс.

Тұрғын үй нарығы:  баға неге қымбаттады?

Нұрлан Хошанов, қала тұрғыны, экономист:

– Меніңше, тұрғын үй бағасы әлі де 10-15 процентке қымбаттауы мүмкін. Оның 10 проценті инфляцияға байланысты болса, 5 проценті зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін тұрғындарға беруге байланысты. Оның үстіне пандемия әсерінен инфляция деңгейі басқа жылдарға қарағанда жоғары болып тұр. Бүгінде халықтың табысы мен шығыны сәйкес келмейді. Қарапайым мысал, Қызылорда қаласында пәтердің шаршы метрі 180 мың теңге деп алайық. Сонда 60 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтер 10 млн 800 мың теңге болады. Осы бағадағы пәтерді алу үшін айына 120-130 мың теңге жалақы алатын азамат ішпей-жемей 7 жыл жинауына тура келеді. Ал жинады делік. 7 жылда инфляция қалай өзгереді? Жинаған ақшасына пәтер ала алады ма? Мәселе осында. Баға тұрақтылығын сақтау үшін ел экономикасын нығайту керек. Өндіріс орындарын ашып, өзімізде өндірілетін өнімнің үлесі көп болу қажет.

Түйін. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, бір баспанаға қол жеткізсем деген арманы асқақ, жалақысы төмен отбасылардың жылдар бойы жинаған қаржысын инфляция жеп қоймау керек. Сайып келгенде экономистердің пікірі осы түйінде тоғысады. Жақында Ұлттық банкте ақша-кредит саясатымен айналысатын комитеттің құрылуы үміт отын жылт еткізді. Құзырына базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдау, ақша-несие саясатының негізгі операциялары бойынша пайыздық мөлшерлемені белгілеу кіретін бұл комитет құрамында ұлттық банк мамандарымен бірге тәжірибелі тәуелсіз мамандар болады.

Президент тапсырмасы, жаңа комитеттің құрылуы, экономистердің жан-жақты талдауы мен ұсынысы тұрғын үй нарығында бағаның тұрақталуына әсерін тигізеді деп ойлаймыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: