Бұл – көп адамды толғандырған сауал. Әуелден адамзат баласына ең қажеттілердің бірі – баспана. Құрқылтайдың ұясындай болса да өз үйің болғанға не жетсін. Пәтер жалдап күн кешкендердің бірі өзім. Бір емес бес жыл жалдамалы пәтерде тұрдым. Сондықтан бұл жағын толық түсінемін. Үй салу – үлкен мәселе. Құрылыс материалдарының сапасы мен бағасы жөнінде тұрғындар арасында түрлі әңгіме көп. Мәселенің мән-жайын білмек болып «Сығанақ» базарына бардық. Базар іші қызған тіршілік. Шеге мен шелектен бастап құрылысқа қажеттінің бәрі бар. Қаражатыңа қарай қарекет қыласың.
Әңгіме әлқиссасын әріден бастайын. Тұрғын үй салу үшін ең алдымен іргетасын қалау керек. Оған қиыршық тас пен жемтік қажет. Алдымен құрылыс материалдарының былтырғы бағасын бағамдаңыз. Саудагерлердің сөзінше, өткен жылы қиыршық тас пен жемтіктің әр машинасы 30 мың теңге болған. Биыл күз айында 36 – 75 мың теңге аралығында. Оларды қалаға Шиелі, Жаңақорған аудандарынан әкеледі. Көлік жүргізушілерінің сөзіне қарағанда ол да азайып келе жатқан сыңайлы. Жамбыл облысынан әкелінген цементтің қабы былтыр 1400 теңгеден болса, биыл 1500-2000 теңге. Шиеліден өндірілетін цементтің бір қабы да осы бағада сатылуда.
Мәселен, үйіңіз шамамен 10х12 болса, кемінде 10 «камаз» құм, 5 «камаз» жемтік, 3 «камаз» қиыршық тас, 100-120 қап цемент, 30 мың қам кесек кетеді. Содан соң үй қабырғасын көтеру үшін «стропила», «обрешетка» ағаштары керек. Орталық «Сығанақ» базарында 6 метрлік «стропиланың» біреуі былтыр 1500 теңге болған еді. Биылғы бағасы 2700 теңге. Ені мен ұзындығы 9-12 см болатын «обрешетканың» метрі былтыр 90 теңгеден сатылған. Биыл – 210 теңге. Бұлар біздің елге Ресейден тасымалданады. Үйдің шатырын жабуға қаңылтыр сатып аласың, оның метрі қазір 6500-ден басталады. Оны қоятын арақашықтығына қарай көбейтсеңіз, сомасы белгілі болады. Орта есеппен үйдің төбесіне қалыңдығы 12 сантиметрлік 80-ге жуық ағаш кетеді. Одан бөлек, төбеге қамыс төсеу үшін тағы қаражат жұмсайсыз. Қосымша жайылатын қара қағазды қосыңыз. Сабан мен топырақ тағы бар. Олай етпесең, үйің жылымайды. Әрбір пластик терезеге орта есеппен 40 000 теңге төлейсіз. Есіктердің бағасы орта есеппен 60 000 мың теңгеден. Олар – Ресей, Беларус елінің өнімдері. Қысқасы, үй тұрғызу үшін қосымша табыс көзі болмаса, бір айлыққа таңылып, там салу ақылға сыйымсыз дүние. Салған күнде де қарызға батып, несие аласың. Өйткені бір адамның айлық кірісі үйдің ас-ауқатынан бөлек балалардың киім-кешегіне ғана жетеді. Одан қалды, баратын ағайын-туыстың жиыны бар. Үйді тұрғызған соң ішкі жұмыстары басталады. Сылағы мен бояуы, түсқағазы тағы бар. Қарап тұрсаңыз үй тұрғызуға бұрынғыдай 2-3 млн теңге қаражатың кәдімгідей аздық етеді. Бір жылдың ішіндегі бағаны салыстырып қарасаңыз, құрылыс материалдарының кез келген түрінің құны әжептәуір артқанын байқау қиын емес.
– Ассалаумағалейкүм, аға, үй салып жатырсыз-ау.
– Уағалайкумассалам. Кенже ұлыма үй соғып жатырмын.
– Базар бағасы қалай екен?
– О-о, несін сұрайсың, айналайын. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» деген, бәрі қымбат. Халықтың қалтасына салмақ түссе де амал жоқ, тыраштанып там салады. Өйтпегенде қайтеді? Сатушылардың да еңбегін бағалау керек. Меніңше бұлардың қолында тұрған баға жоқ. «Бәйтерек-1» шағын ауданынан жер алып, үй құрылысын бастадық. Қанша ақша жұмсасақ та жетпей жатыр. Тәуекел етіп, талаптанып жатырмыз. Негізі үйді салу үшін мықты дәлдік қажет. Үй егесі өзі құрылыстан хабары болғаны дұрыс. Жалпы үйді асарлатып, көмекпен салса құрылыс тез әрі жеңіл жүреді. Оған қалтаң көтерсе, әрине.
– Сіздің ойыңызша үйді алған дұрыс па, салған дұрыс па?
– Жеке өз ойым салған әлдеқайда дұрыс болады. Жаңа әрі жайлы баспана жан рахаты емес пе?! Біріншіден, өзіңнің отыратын жерің болғасын сапасына мән бересің. Қалағаныңдай жоспарлап саласың. Ал алған жағдайда ол қашан және қалай салынғаны беймәлім. Сататын адам саған шынын айтуы екіталай. Қазір үйдің бағасы да жыл сайын артып отыр. Болашақта да құнын жоғалтпайды. Осында ағаш алуға келіп тұрмын. Құрылыс материалдары өз қаламызда болғанына қуанамын. Басқа облыстан алдыртқанымызбен біріншіден уақыт зая кетеді, екіншіден баратын адам керек. Ол қосымша шығын. Жылдап болса да асықпай бітіреміз. «Өз үйің – өлең төсегің» деген Жиренше шешеннің сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр. Осыны жүрекпен түсініп, шын көңілмен сезіну керек, – дейді қала тұрғыны Әлихан Бақтиярұлы.
Тұрғынның пікірін пайымдап, сатушымен де сөйлестік. Айтуынша, құрылыс заттарының бағасы әр мезгілде әртүрлі. Нұрдәулет Тоқтаров, сатушы: – Жасыратыны жоқ, баға былтырғыға қарағанда әлдеқайда өскен. Бір айта кетерлігі, құрылыс материалдарының сапасына сөз жоқ. Ағаштарды Алматы, Шымкент қалаларынан әкелеміз. Тиеп, түсіретін адамдардың еңбекақысы мен жол шығынын қоса есептеп, материал бағасын қоямыз. Біздің тірлігіміз де бала-шағаның қамы. Көктем мен жаз айларында ғана жұмысымыз жүреді. Күз айының аяғына қарай сауда азаяды. Оның ішінде тұрған орнымызға төлейтін салығымыз тағы бар. Күнделікті табысымыз әртүрлі. Орта есеппен 10-20 мың теңге шамасында табыс табамыз. Базар қоғамдық орта болғандықтан күніне неше түрлі адаммен кездесіп, пікірлесеміз. Көбінің сөзіне қарағанда несиеге үй алғаннан өзің салған әлдеқайда тиімді. Ол – өте дұрыс шешім. Мұны құптаймын. Жарық та жайлы үйіңді өз қалауың бойынша саласың. Қолыңның табы қалған үй ыстық болады. Мен осыны қолдаймын, – дейді бізбен әңгімесінде.
Мақала әзірлеу барысында «ОLX», «Крыша. кз» арқылы да тұрғын үй бағаларын сараптап көрдік. Мәселен, тұрғын үйлер салынған жылына қарай әртүрлі бағада сатылады. Ең арзан деген үйің 7-8 миллионнан басталады. Әрі қарай бөлмесіне, кеңдігіне, сапасына байланысты баға қойылады. Қалғанын қаражатыңызға қарай көресіз.
Р.S. Біз бағамдаған баспана құрылысы кім-кімге де оңай емес. Оның бер жағында қазіргідей алмағайып заманда ақшаңа әжептәуір әсер етеді. Алайда біздің қазекем қиналса да үй салып алуға қам қылады. Өзін де болса, баласына арнап салады. Былай қарасаң, бұл да дұрыс. Жалға пәтер жалдап жұртқа ақша бергеннен шамаң жетсе бір бөлмелі болса да баспана салып алған қолайлы. Үйің болса, көңіліңнің күйі болады. Дегенмен үйді алған дұрыс па, салған дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!