Бахрейннің астанасы – Манамада өтіп жатқан жасөспірімдердің жазғы Азия ойындарында Қазақстанның ауыр атлеттері өте жақсы өнер көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әсіресе, біз 71 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Әлихан Әскербайдың асқан шеберлігіне тамсандық. Жетісу облысы Сарқан ауданының Қарабөгет аулында туып-өскен дарынды спортшы 144 кг-ны жұлқып және 172 кг-ны серпе көтеріп, алдына жан салмады. Қоссайысының қортындысы бойынша 316 кг-лық көрсеткшіпен Әлихан Азиаданың алтын медалін кеудесінде жарқыратты. Сондай-ақ, осы жарыста ол жасөпірімдер арасындағы екі рет әлемдік, екі рет құрлықтық және екі рет Азия ойындарының рекордын жаңартты. Барлығы – 6 рекорд! Бұл салмақта екінші және үшінші орындарды Қытай мен Өзбекстанның өкілдері иеленді.
Әлихан Әскербай бұған дейін де бірқатар аса ірі халықаралық додаларда дара талантымен оқшауланды. Мәселен, осыдан бірер ай бұрын ғана Астанада өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қандасымыз үш жаттығуы бойынша да алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Сонымен қатар, ол Әлихан құрлықтың үш және әлемнің үш рекордын жаңартты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!