«Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен өткен «Алтын белбеу» облыстық ақтық жарысының жеңімпазы қармақшылық Айбек Серікбаев болды.
Жарыста Айбек Серікбаев беліне алтын белбеу тағып, «Сыр барысы» атанды. Сондай-ақ Қармақшыдан келген Еламан Ерғалиев ІІ орын иеленіп, «Сыр арланы» атанды. Ал жүлделі ІІІ орынды 116 келіде қызылордалық Нұрым Сәлімгереев иеленіп, «Сыр сұңқары» атағын иемденді.
Жалпы «Түйе палуандар» сайысының жүлде қоры І орынға 1 миллион теңге, ІІ орынға 700 мың теңге және ІІІ орынға 400 мың теңге болып белгіленген.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде жыл сайын шілде айында елорда төрінде өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне биыл облыстан Айбек Серікбаев пен Еламан Ерғалиев барып, Сыр өңірінің намысын қорғайды. Сонымен қатар 2022 жылғы «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов та ол турнирде өз титулын қорғап, бағын сынайтын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!