Румынияның Мамая қаласында шахматтан өткен Әлем чемпионатында жас спортшымыз Алдияр Аңсат қола медаль иеленді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 760-қа жуық шахматшы бәсекеге түскен сайыста қызылордалық спортшы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Алдияр чемпионатта 11 ойын өткізді. Оның 8-інде жеңіске жетсе, 2-еуінде тең ойын көрсетті. Жас спортшы шахматтың отаны – Үндістан үкілеп қосқан шебердің өзін жеңген. Осылайша шахматшымыз 8,5 ұпай жинап, Сыр елінің спорттық қоржынына тағы бір қола медаль қосты.
Қызылордалық спортшының жеңісін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атап өтіп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтады.
− Алдиярдың айтулы интелектуалдық ойынға қызығушылығы 4 жаста оянды. Алты жасында Тайландта өткен шахматтан әлем біріншілігінің жеңімпазы, 8 жасында Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Сөйтіп, 11 жасында «Фиде шебері», 13 жасында «Халықаралық дәрежедегі шебер» атағын иемденді. Ендігі Алдиярдың арманы − әлемдегі ең жас «гроссмейстер» атағына қол жеткізу.
Айналайын Алдияр, сен Қазақ елінің, Сыр өңірінің бағына бұйырған жұлдыз бол! Бұл жолы төрткүл дүние төрелігі сенің озық ойыныңа куә болды. Жеңіс құтты болсын! – деп құттықтады облыс әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!