Қытай. Бейжің. Ақ олимпиада ойындары. Төржылдықтың басты додасына елімізден «сайдың тасындай» үздіктерді аттандырдық. Алайда елдің үмітін арқалап, Қытайға аттанған ел спортшылары айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмауда. Бүгін осы байрақты бәсекедегі сүреңсіз сәттер мен соңғы нәтижелерге шолу жасамақпыз.
Еліміз медаль алады-ау деп күткен жарыс фристйл-могул болатын. Осыған дейін талай додада топ жарып, жүлдемен оралған Юлья Галышеваға бәрі сенім білдірді. Мұны шетелдік сарапшылар да айтқан болатын. Жарыс бастала салысымен Қазақстан қоржынына жүлде салады деген осынау спорт түріне ел назары ауды. Біржағы Олимпиада ойындарында қола жүлдені иеленген Галышеваның осы жолы алтынды уысынан шығармайтынына ел сенді. Бірақ артқан сенім, күткен үміт ақталмады. Финалға шыққан Юлья суперфиналға берілер жолдама сарапқа салынған кезде сәтсіз өнер көрсетті. Екінші кезеңге өткен могулшылар Аяулым Әміренова мен Олеся Граур алғашқы іріктеудегі нәтижесін жақсарта алмады. Анастасия Городко да ұзаққа шаппады. Бұл додада Юлия Галышева – 11-орын, Анастасия Городко – 11-орын, Аяулым Әміренова – 12-орын, Олеся Граур – 18-орынға табан тіреді. Қазақстан осылайша фристайл-могулден жүлдесіз қалды.
Қыстың басты бәсекесінде алтын медалді австралиялық Джакара Энтони қанжығасына байласа, күмісті америкалық Джелин Кауф иеленді. Ал ресейлік Анастасия Смирноваға қола бұйырды.
Хош. Бұдан кейін еңсе тіктеп, абыроймен қайтармыз деген спорт түрі – Трамплин еді. Алайда бұнда да сүріндік. Спортшыларымыздың бабы келмеді ме әлде ауа райы қолайсыздау болды ма, әйтеуір жарыс жолына шыққан атлеттеріміз жеңіс тұғырынан көріне алмады. Бірінші кезеңде жақсы нәтиже көрсеткен Данил Васильев пен Сергей Ткаченко жарысты сәтсіз аяқтады. Орташа трамплинде Данил Васильев 46-орын, Сергей Ткаченко 41-орын иеленді. Енді бұл екеуі үлкен транплиннен секіреді. Бәлкім сонда бағы жанатын шығар.
Бұдан соң шаңғы жарысы бойынша жүлделер сарапқа салынып, мықтылар анықталды. Бірақ мұнда да біздің жолымыз болмады. Өкініштісі сол, скитлонның бастапқы сәтінен-ақ біздің спортшылар елдің соңында қалды. Үміт артқан Ксения Шалыгина 48-орынға, Ангелина Шурыга 49-орынға, Валерия Тюленева 51-орынға, Надежда Степашкина 58-орынға табан тіреді.
Ерлер арасында да шаңғы жарысынан жолымыз болмай қойды. Тағы да сол сәтсіздік. Қазақстаннан «Жүзден жүйрік» деп жіберген жігіттер әлемнің әр түкпірінен келген мықтыларға қауқар таныта алмады. Мұнда Виталий Пухкало 32-орынға, Евгений Величко 57-орынға тұрақтады. Бұндағы чемпиондықты Ресей намысын қорғаған Александр Большунов бағындырды. Күмісті тағы бір ресейлік Денис Спицов жеңіп алды. Ал үздік үштікті финляндиялық Ийво Нисконен түйіндеп, қоладан медаль тақты.
Біздікілер конькимен жүгіру спортында да ел күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Надежда Морозова үш мың метрге арналған додада 13-орын алды. Енді ол мың жарым метрге арналған додада бақ сынайды.
Үздіктер қатарында болады деген могулшы Дмитрий Рейхерд финалға дейін жеткенімен, суперфиналға шыға алмай қалды. Жарысты сегізінші орынмен аяқтады. Павел Колмаков болса екінші іріктеуден әріге бармады. Ал шорттректен Әділ Ғалиахметов өзінің тобында ІІІ орын алып, алғашқы жарысында жеңіліс тапты. Аралас эстафетадағы құрамамыз жартылай финалға жеткенімен, А финалына жолдама ала алмады. Жалпы жарысты отандастарымыз бесінші орынмен аяқтады. Биатлонда да айымыз оңынан тумады. Жиырма шақырымдық жекелей жарыста Қазақстан атынан шыққан спортшымыз Владислав Киреев мәреге 25-ші болып келді. Ал Александр Мухин мәре сызығын 51-ші болып кесті. Мұнда алтын медалді франциялық Кантен Фийон Майе иеленді. Күмісті белорусьтік Антон Смольский жеңді. Қола медалді норвегиялық Йоханнес Бё алды.
P.S. Хош. Бар-жоғы екі аптаға созылатын байрақты бәсекенің алғашқы жартысындағы нәтижелер осындай. Алтын үшін талас күн санап қыза түсуде. Алайда әзірге отандастарымыздың қысқы олимпиададағы нәтижелері көңіл көншітпей тұр. Дегенмен тақымын қысып, спортшылармыздың тілеуін тілеген елдің бұл бәсекеден күдері үзілген жоқ. Тек алтын түгіл қола да арман болып қалмаса игі…
А.БАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!