Бүгін атамұра өнердің майталмандары, айтыс пен жыршылық өнердің жүйріктері шағын алаңда бас қосып, ала доптың додасын қыздырды.Бұған дейін еліміздің Қарағанды, Тараз, Алматы, Түркістан қалаларында өткен бұл республикалық турнир бүгін Алаштың анасы атанған Қызылорда қаласында өз жалғасын тауып, алғаш рет өткізіліп отыр.
“Шайырлар шықты алаңға” айтыскер ақындар арасындағы шағын футболдан республикалық турнирдің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан қала әкімнің орынбасары Жанмұрат Сейілов қатысушы командаларға сәттілік тіледі.- «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні» мерекесінде айтыстың арыстаны түркістандық Бекарыс Шойбеков, тараздық Есет Досалы сынды ағаларымыз, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев, шымкенттік Біржан Байту бауырларымыз бастап келген барлық айтыскер ақындарымызға алғыс білдіреміз. Жас ұрпақ, жаңа буынға қай жағынан да үлгі болып, бұқаралық спортты дамытуға өзіндік үлес қосудасыздар. Бүгінгі турниріміздің жүлде қорының демеушісі, меценат Асхат Шаукенбаев мырзаға да алғыс білдіреміз. Барша қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.Республикалық турнирге еліміздің түкпір – түкпірінен жиылған жыр жампоздарынан құралған жалпы 8 команда, 70-ке жуық спортшы қатысты.Нәтижесінде үшінші орынды Жамбыл облысынан «Руханият» құрамасы иеленді. Екінші орынға Астана қаласынан келген «Доп жарған» командасы қол жеткізсе, бірінші орынды Маңғыстау облысының ақындары – «Жыр жебе» командасы жеңіп алды. Ал үздік ойын өрнегін көрсеткендерге қала әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!