Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев бизнеске салық салу жүйесін реформалауға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бюджеттік дағдарыс ұзақ жыл бойы жиналған және оның жүйелі себептері бар.
«Күрделі әрі батыл шешімдер қабылдайтын уақыт келді дегенді жиі естиміз. Мұнымен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Бірақ біз не көріп отырмыз? Үкімет ҚҚС-ны күрт көтеріп, оның шегін төмендетуді ұсынып отыр. Бұл ретте ҚҚС айналымнан алынатын салыққа айналуы мүмкін және барлық сома тауарлардың құнына қосылмақ, бұл – тұтынушы үшін қосымша салмақ», – деп мәлімдеді депутат.
Бейсенғалиевтің айтуынша, ҚҚС-ның күрт өсуі бизнестің тұралауына және көлеңкелі экономиканың өсуіне әкеп соғуы мүмкін.
«Бизнес тығырыққа тіреледі. Барлығымыз экономиканы дамыту ең маңызды міндет екенін білеміз. Үкіметтің жұмысын экономиканы дамытуға, шетелдік инвестицияларды тартуға және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағыттау керек. Осылайша, бұл экономика көлемінің өсуі есебінен салықтан түсетін түсімдерді ұлғайтады», – деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!