Жексенбі, 05 қаңтар, 03:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№103 — 2113
31.12.2024
PDF мұрағаты

«Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды

23.12.2024

265 0

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, тиісті салалық басқарма басшылары қатысқан жиын өтіп, «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанындағы құрамында құқық қорғау органдары бар жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс жасайтын өнім берушілерді тексеруде.

Бүгінде жұмысшы топ 19 субъектінің жұмысын саралап, 127,2 млн.теңге қаражатты заңсыз иемдену фактілерін анықтаған. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн. теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн.теңгесі спорт саласына тиесілі.

Тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелгендер арасынан ата-аналары 5740 баланың шын мәнінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр.

Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталған.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов осы бағыттағы жұмысты тиісті мамандарды жұмылдырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.

Айта кету керек, мәдениет және спорт басқармалары зерделеу қорытындысы шыққан соң, 125 кәсіпкермен келісім-шартты біржақты бұзған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазір 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатын өз еркімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүруде.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы облыс әкімдігінде апта сайын тұрақты қаралатын болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: