Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қаламызға қарасты кенттер мен ауылдық округтер арасында «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты спартакиада ұйымдастырылды. Жеті спорт түрінен ұйымдастырылған жарысқа волейбол, шағын футбол, арқан тарту, дойбы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ секілді ойын түрлері енгізілді.
Сайысқа елдімекендерден 400-ге жуық спортшы қатысты. Он команда бақ сынасқан айтулы дода тартысты әрі қызықты өтті. Бір айға жуық уақытқа созылған спартакиаданың жүлдегерлері барлық спорт түрінің жалпы ұпай сандарын есептеу арқылы анықталды және 3 орын бойынша марапатталды.
Сайыс нәтижесі бойынша волейбол мен арқан тартудан және шахматтан Ақсуат, шағын футболдан Ақжарма, дойбыдан Қарауылтөбе, үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан Тасбөгет кенті жүлделі І орынды иеленді. Жеңімпаз командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен қатысушыларды қала әкімі марапаттады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауылдар арасындағы мұндай спартакиада алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Сондай-ақ жыл сайын жеңіске қол жеткізген құрама команда ауыспалы кубокты иемденіп отыратын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!