Жасөспірімдер арасында ұлттық спортымызды насихаттау, балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында шаһарда биыл үшінші мәрте «Бала барыс-2024» байрақты бәсекесі ұйымдастырылды. «Бала барыс-2024» турнирінің дәстүрлі сипат алуы қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларының бір дәлелі.
Облыс аумағынан 32 жасөспірім қатысқан жас палуандар додасы «Евразия» спорт кешенінде өтті. Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.
Тартысты бәсекенің нәтижесінде қызылордалық «Балмолдин» лақап атын иеленген Исламбек Балмолдаев ІV орын 25 мың теңге иемденсе, ІІІ орын 50 мың теңге және «Қола белбеу» «Көкбөрі» лақап атын иеленген Жалағаш ауданынан Ерсұлтан Сұлтанбековке бұйырды. «Ошақты» Жалағаш ауданынан Әлинұр Сәрсенбай ІІ орын 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын 200 мың теңге және «Алтын белбеуді» қармақшылық «Семетей» Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған алтын «Тайтұяқты» қанжығасына байлады. Осылайша үш дүркін «Бала барыс» атағын иемденді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!