Астанада Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен боксшы Бақтияр Артаев арасында өзара кездесу өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл кездесуде Бақтиярға Вэл Баркер Кубогі қайта табысталды. Вэл Баркер Кубогі олимпиада ойындарының ең үздік боксшысына берілетін жүлде. Бұл титулды Артаев 2004 жылы Афинада өткен олимп ойындарында чемпион атанған кезінде жеңіп алған еді.
Айта кетейік, боксшымыздағы Вэл Баркер Кубогі әлемдегі ең соңғы түпнұсқа. Сол үшін бұл жүлдені IBA басшылығы Омар Кремлев Артаевпен арадағы келісім арқылы ұйымға сұрап алған еді. Алайда екіжақты келісімдер толық орындалмаған.
“Артаев өз кубогын бірнеше жыл бұрын халықаралық ұйымға тапсырып, осы мәселе шешімін таппаған еді. Қазақстан бокс федерациясы әлемдік спорттағы құнды жәдігер саналатын жүлдені қайтару үшін нақты қадамдар жасады. Осылайша, бүгін Вэл Баркер Кубогы өз иесін тапты», – деді, федерация Instagram желісіндегі жеке парақшасында.
Вэл Баркер Кубогін қазақстандық боксшылар арасында алғаш рет Василий Жиров 1996 жылы АҚШ-та өткен олимпиада ойындарында жеңіп алды. Екінші рет 2004 жылы Грекия астанасы Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарында 1-ші орта салмақта (69 кг дейін) өнер көрсеткен Бақтияр Артаев Баркер кубогын елге алып келді. Соңғы рет бұл жүлдені отандастарымыздың арасынан 2012 жылы Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарда Серік Сәпиев иеленді.
Вэл Баркер кубогы – 1936 жылдан бастап Олимпиялық ойындардың ең техникалы боксшысына берілетін жүлде. Кубок 1920 жылы ағылшын боксшысы, Халықаралық әуесқой бокс федерациясының алғашқы құрметті хатшысы Вэл Баркердің құрметіне тағайындалған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!