Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай баскетболдан Қызылорда қаласы әкімінің кубогіне арналған ашық біріншіліктің марапаттау шарасы өтті.
Жасөспірімдер арасында өткен біріншілікке Қызылорда қаласы мен аудандардан және Ақтөбе облысынан 240-қа жуық спортшы, 24 команда қатысты. Екі күнге созылған баскетбол бәсекесінде жеңіске жеткен командаларды Сыр елінің мақтанышы Илья Ильин құттықтап, алдағы додаларда сәттілік тіледі. Марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов те командаларды жеңісімен құттықтап, лебізін білдірді.
– Бүгінде спорт – кез келген елдің халықаралық дәрежедегі имиджін қалыптастыратын саланың бірі. Әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен елдің әнұраны орындалып, туы көкке көтерілуі де спорттың маңыздылығын айқындай түседі. Бүгінгі жарыстың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймын, – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
Жеңімпаз командаларға Қызылорда қаласы әкімінің кубогі және медальдар мен дипломдар табысталып, үздік ойыншылар номинациялармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
К.АҚТАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!