Сенбі, 21 желтоқсан, 22:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Чемпион болу – бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ

07.02.2023

1231 0

Жақында ғана аяқталған Бангкок қаласындағы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында жерлесіміз Нұрсұлтан Алтынбек алтыннан алқа тағынған еді.  Саңлағымыздың жеткен жетістігіне

Сыр жұртшылығы қуанды. Осы қуанышқа ортақтасып, спортшымен сұхбаттасқан едік.

– Қайырлы күн! Азия чемпионы болғаныңыз құтты болсын! Сіздің бокспен айналысуыңызға кім себепкер болды? Ең алғашқы бапкеріңіз жайлы айтып берсеңіз…

– Спортқа келуіме өзімнің Бекарыс есімді жиенім себепкер болды. Екеуміз бала кезден боксқа қызығып, бірге шұғылдана бастадық.  Алғашқы ұстазым – Жаңабек Әлиев. Ағамызбен бірге біраз додада топ жардық. Жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Азия чемпионы атандым. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының аға жаттықтырушысы Жамиль Жүсіповпен дайындық жұмыстарын өткіземін.

– Былғары қолғап шебер­лерінен кімді үлгі тұтасыз?

– Қазақ еліне белгілі барша былғары қолғап шеберлерін үлгі тұтамын. Ешкімді бөле жармаймын. Барлығы да жол көрсететін ағаларым. Әрбір спортшының арманы тұғырдың ең биігіне көтеріліп, елінің әнұранын шырқату деп ойлаймын.

– Шыңдалу мақсатында қандай спортшылармен тәжірибе алмастыңыз?

– 2017 жылы Әлем чемпионы болған Қайрат Ералиев, 2021 Әлем біріншілігінде алтын алған Сәкен Бибосынов сынды ағаларым­мен, Әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген Махмуд Сабырхан бауырымызбен оқу-жат­тығу жиынында тәжірибе алмасқанбыз. Қазақ бокс­шы­лары алдағы уақытта үлкен жетістікке жетеді деп ой­лаймын. Осы мақсатта өзіміз аянбай еңбек ететін боламыз.

– Чемпион болғанда қандай күй кештіңіз?

– Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Біз үшін тәжірибе жинайтын біріншіліктің бірі болды. Әрине, жеңімпаз атанған соң көңіл-күйіміз көтеріңкі, барлығына дән ризамын. Дегенмен арманыма біртабан болса да жақындағандай күй кештім. Бұл жетістікпен тоқтап қалмаймыз. Алдағы жылдары халықаралық турнирлерге, Азия, Әлем чемпионатына тыңғылықты дайын­дық жұмыстарын жүргіземіз.

– Спорттағы басты арманыңыз қан­дай? Енді спортпен шұғылданып жат­қан жастарға ақыл-кеңес айта өтсеңіз…

– Кез келген спортшының арманы – бірінші кезекте олимпиада жеңімпазы болу. Арманыма жету үшін бар күшімді саламын. Алда болатын Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде топ жару – менің ең үлкен арманым. Ұстаздарымыз: «мықты спортшы болу кез келгеннің қолынан келеді. Бірақ чемпион болу – бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ» дейді. Осы бақ біздің басымызда ұзақ тұрса екен, – деп тілеймін.

Нұрдәурен ЖӘРДЕМХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: