Сәрсенбі, 20 қараша, 16:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Дамирдың дағдысы мен Шавқаттың шайқасы

05.07.2022

1259 0

Аралас жекпе-жекпен айналысатын қазақ оғландарының қарқыны жаман емес. Әсіресе әр кездесуін жеңіспен аяқтап жүрген Дамир Ысмағұлов пен Шавқат Рахмановтың асығы алшысынан түсіп тұр.

Енді бұл жерді қазақ басқарады

Әңгімені алдымен Дамир жайында өрбітейік. Дамир Исмағұлов Орынбордың тумасы. Бұрын бұл жер қазақтыкі болғанымен қазір Ресейдің құрамында. Дамир сол себепті де октогонға екі елдің туын бірдей алып шығады. Оның басты себебі қызу қанды намысты қазақ болуында дер едік. Ол ережесіз жекпежекке 20 жасында келген. Спортшы бұған дейін футбол, теннис сынды спорт түрлерімен шұғылданған көрінеді. Кейіннен ММА-ге құмартып, осы жолды таңдаған. Қазақтың қайсар мінезді оғланы алғашқы жекпе-жегінен-ақ жеңіс туын желбіреткен.

Дамир Исмағұлов M-1 Gobal тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына ие. Осы жоба аясында 18 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіске жеткен. Ол Беларусь файтері Артем Дамковскийді жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалды.

Дамир UFC аясында 5 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Ол Швеция намысын қорғайтын грузиялық Гурам Кутателадзені жеңгеннен кейін UFC-де жаңа патшаның пайда болғаны жайлы мәлімдеме жасады.

– UFC, мен үлкен кездесулерге дайынмын! Топ15. Бұл орманда жаңа патша пайда болды. Енді бұл жерді қазақ басқарады. Қазақ, – деді Дамир.

«Мен UFC ережесін білемін. Әрбір кездесуімді нокаутпен аяқтауға тырысамын. Соққыны көп жасаймын. Жақсы күресе де аламын. Бірақ мен тек мықтыларды жеңгім келеді. Шоу көрсетуді қалаймын. UFC, бұл сіздер үшін. Қазақ сіздер үшін келді. Шоу көрсетуге келді», – деді Исмағұлов.

Шавқат шығар шың: мықтылардың мықтысы болу

Қарсыласының барлығын «қиратып» келе жатқан спортшының бірі – Шавқат Рахманов.

Шавқат жайлы сөз қозғайтындар оның ұлтын әңгіме арқауына айналдырмай кетпейді. Себебі оның есімін алғаш естігендер өзбек пе деп қалады. Бұл сұрақ Рахмановтың өзіне де сан мәрте қойылған. Мұның бәріне Шавқат «Мен – қазақпын!» деп жауап қайырған. Спортшы Өзбекстанда тұрғандықтан құжаты да сол елдің емле ережесі бойынша Рахмонов деп толтырылған болуы керек. Жақында Шавқат октогонға тағы шықты. Қарсыласы Мегни болды. Бұл жекпе-жек «Боец» арнасынан көрсетілді. Сол кезде коментаторлар Шавқаттың шыққан тегі қазақ, оның ішінде кіші жүз екенін мәлім етті.

27 жастағы отандасымыз аралас жекпе-жекпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Ол осы аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Рахманов 2019 жылдың көктемінде Алматыда ресейлік Данила Приказаны жеңіп, М-1 Global нұсқасы бойынша алтын белбеуді иеленгеннен кейін араға бірер ай салып, чемпиондық атағын сәтті қорғады. Ол елордамызда өткен жарыста бразилиялық Тьяго Варежанды ұтты.

Жалпы Шавқат UFC-дегі алғашқы кездесуін 2020 жылғы қазанда өткізді. Абу-Дабидегі турнирде Алекс Оливейраны және 2021 жылы Лас-Вегаста Мишел Празеристі ұтты. Бразилияның екі мықтысын тізе бүктірген Шавқат гайаналық Карлстон Харристы да місе тұтпады. Жекпе-жекті көргендер Шавқаттың Харристы айналып теуіп құлатып, құлаған бетте ауыр соққының астына алғанын жақсы біледі. Бұл кезде төрешіде жекпе-жекті тоқтатудан басқа амал жоқ еді. Отандасымыз UFC рейтингінде 10-орында тұрған Нил Мэгниді қылқындыру әдісімен ұтып, мықтылардың сапына жақындай түсті.

Мегниді жеңген Рахманов «менің мақсатым – чемпион болу» деп, жарияға жар салды.

Ә.БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: