Әлемдік аренада қазақтың атын шығарған бір спортшы болса, ол Геннадий Головкин. Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқан «сары қазақ» өзінің бүгінге дейінгі жекпе-жектерінде «мен» деп кеуде соққан «талай мықтының» мысын басты. Шапшаңдық. Шаршамау. Мінез. Еңбек. Осы қабілеттердің арқасында Гена өзімен жұдырық түйістірген қарсыластарын бірінен соң бірін сұлата берді. 10 жыл бойы жеңілістің кермек дәмін татпады. Бір кездері «GGG-ді шаршы алаңда өлтіріп сабаймын. Ал оның жанкүйерлері оның жаназасына келеді» деп те есіріп мәлімдеме жасағандар болған. Алайда жымысқы ойлары жүзеге аспады. Айтпағымыз бұл емес, бүгінгі әңгімеміз Геннадийдің жолында үлкен бөгетке айналған мексикалық Канело және олардың үшінші, біздіңше, шешуші жекпе-жегі жайында.
Отандасымыз бен Америка құрлығының мақтанышы Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ақыры болатын болды. Алайда қос боксшы да бұл трилогияға дейін бір рет басқа былғары қолғап шеберімен жұдырық түйістіреді. Геннадий жапониялық Риота Муратамен кездессе, Ал Канело ресейлік Дмитрий Биволмен жұдырық түйістіреді. Бірақ әлем назары бұл жекпе-жектерге емес, трилогияға ауып отыр. Америкалық бокс сарапшыларының мәліметінше, бұл соңғы он жылдықтағы ең мықты спорт кешінің жетілігіне енбек.
Алғашқы кездесуде екі мықты тең түсті. Төрешілер шешімі шешуші рөл ойнаған екінші айқас мексикалықтың пайдасына шешілді. 2017-2018 жыл солай бітті. Үшінші жекпе-жек 2019 жылы ұйымдастырылады деген сыбыс тарады. Бірақ болмады. Оған нақты себептерде болған. Өйткені үшінші жекпе-жектен түсетін қаржының 10 проценті Головкинге, 90 проценті Сауль Альвареске түседі деген ұйымдастырушы промоушен. Бұған Гена келіспеді. Тағы 10 процент қосты, оған да келіспеді.
Ал аталған бокс кешінің 2020 жылы неге болмағаны барлығына белгілі шығар. Әлемді дүр сілікіндірген пандемияға байланысты сол жылы қос боксшыға қайта жұдырықтасуды былай қойғанда, жаттығу жасап, дайындықтан өтудің өзі мәселе болды. Себебі әлемде карантиндік жағдай енгізіліп, спорттық сайыстарды өткізуге түбегейлі тыйым салынды. Оның үстіне кәсіпқой боксшылардың екінші «отанына» айналған АҚШ-та вирус жұқтырғандар саны артып, шектеу шаралары күшейтілген еді. Осылайша көптеген боксшылар осы аралықта шаршы алаңға шыққан жоқ. Әйткенмен жыл соңында шектеулер азайып, промоутерлер өз былғары қолғап шеберлеріне бокс кештерін ұйымдастыруды қайта қолға алды.
Оның қатарында кәсіпқой бокстың жұлдыздары Головкин мен Канело да бар. Екеуі де жыл соңында шаршы алаңға шығып, жанкүйерлеріне әдемі шоу көрсетті. «Сары қазақ» Польшаның мақтанышы Камил Шереметаны мерзімінен бұрын жеңді де жылды сәтті қорытындылады. Ал Канело британиялық Каллум Смитті ұпай басымдығымен жеңді. Кездесуден соң қос боксшы мәлімдеме жасап, промоутерлер екеуіне де тиімді тәуір ұсыныс жасаса, трилогияға қарсы емес екендіктерін айтып қалды. Осы мәлімдемеден соң арада тағы бір жыл өтті. Бұл аралықта Гена украиндық боксшы
Сергей Деревянченко мен канадалық Стив Роллсты жеңді. Ал Альварес ұлыбританиялық Рокки Филдинг, Билли Джо Сондерс, америкалық Даниэл Джейкобс, Калеб Плант, түркиялық Авни Иылдырым және ресейлік Сергей Ковалёвпен жұдырық түйістіріп, бәрін де жеңіс тойын тойлады.
Осыдан кейін Канело Генамен үшінші рет жекпе-жекке шықпайтынын айтты. «Мен Головкинге 24 раунд бердім. Алайда ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Мен үшін үшінші кездесу қызық емес» деді ол өз сөзінде. Дегенмен мексикалық боксшы тек бір жағдайда ғана қазақ боксшысымен кездесуге қарсы еместігін жасырмаған. Ол өз ойындағыдай миллион долларлық ұсыныс керек деп ашып айтты.
Әрине, трилогия боксшылардың қайсысына тиімді не тиімсіз деген сұрақтың айналасында көптеген сарапшылар, жанкүйерлер пікірлерін айтқан болатын. Біз осы тұста отандық және шетелдік спорт сарапшыларының пікірін бергенді жөн көрдік.
«Менің ойымша, Головкин Канеломен жекпе-жек өткізбегені дұрыс секілді. Өйткені Гена жыл өткен сайын үлкейіп, баяғыға қарағанда күші сарқылып келе жатыр. Ал Альварес болса тиісінше, жыл санап күшіне күш қосуда. Егер үшінші жекпе-жек болатын болса, Головкинге өте қиын болады. Ол да бұл жекпе-жектің оңай соқпайтынын біледі деген ойдамын. Мүмкін менің ойым қате шығар, алайда қос боксшы арасындағы екінші жұдырықтасудың нәтижесі менің сөзімді қуаттай түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ көзі ашық жанкүйерлер бірінші жекпе-жек пен екіншінің айырмашылығы жер мен көктей екенін де біледі. Екінші жекпе-жектен Канелоның әлдеқайда өскенін байқауға болады. Қорыта келгенде, қос боксшы арасындағы үшінші кездесу өтпегені дұрыс деп есептеймін», деген еді Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев.
Америкалық TALKsport порталының редакторы Майкл Бенсон GGG мен Канело арасындағы үшінші жекпе-жек қызықты өтетініне сенімді. «Геннадий Головкин мен Сауль Альварес рингке бір уақытта оралды. GGG де Альварес те қарсыластарына мүмкіндік бермей келеді. Биыл DAZN платформасының ең негізгі жұмысы – GGG мен Канело арасындағы трилогияны ұйымдастыру болмақ. Өйткені бұл шоуды өткізу жалғыз боксшыларға ғана емес, платформа мен промоутерлерге де пайдалы. Сондықтан бұл айқас осы жылдан әріге созылмайды», дейді Бенсон.
Жанкүйерлердің басым көпшілігі қос боксшының арасындағы екі айқастың қорытындысы бойынша есеп тең болды деп есептейді. Себебі алғашқы бәсекеде отандасымыздың басым болғанын айтады. Міне, осыдан кейін қайсысының шын мәнінде мықты екенін анықтау үшін, біржағы спорт жанкүйерлерінің арасында күмән қалмауы үшін бәрібір шешуші кездесу керек еді. Мақала басында қос боксшының қаржы мәселесіне байланысты кездесуді кейінге шегеріп келгенін айттық. Алайда былтыр ортақ келісімге келіп, 70-30 болып, ақша мәселесі шешілді. Осы кезде барып қос тарап, келісімге келді. Әрине, бұл келісім қаржы жағынан Головкин үшін тиімсіздеу, дегенмен промоутерлердің дегені болады. Өйткені ұйымдастыратын солар. Оның үстіне айқас АҚШ-та өтеді. Соңғы мәлімдемелерге сүйенсек, отандасымыз бен мексикалық боксшының кездесуі жаз-күз мезгілдерінде болмақ. Алайда бұл кездесу уақытынан бұрын өтуі де мүмкін секілді. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғыс ресейлік Дмитрий Бивол мен Канелоның кездесуіне әсер етпей қоймайтын секілді. Егер Канело осы жағдайларға байланысты ресейлік боксшымен кездесуден бас тартса, Геннадийдің де жапониялық боксшымен айқасы кейінге шегерілуі ықтимал. Олай болса қалса, трилогияны жақын арада көріп қалуымыз бек мүмкін.
А.БАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!