Жұма, 27 желтоқсан, 04:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ерсұлтан Мақсұтов, қазақ күресі бапкері: Қазақ күресі олимпиада ойынына енсе деймін

05.11.2024

2096 0

Қазақ күресі – ата-бабаларымыздың асыл мұрасы. Қазақ күресі – тек дене күшін ғана емес, рух пен қайсарлықты талап ететін ұлттық спорт түрі. Төл спорттың тарихы тереңде жатыр. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спортымызды әлемге танытып, насихаттап, дамытып жүрген азаматтар баршылық. Ұлттық спорттан ел мерейін асқақтатып жүрген белді балуан, бапкер Ерсұлтан Мақсұтов талай дүбірлі додаларда топ жарып қана қоймай, шәкірттері де биіктерден көрініп жүр. Жақында қазақ күресінен балалар бапкері  Ерсұлтан Мақсұтовпен қазақ күресі туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Қазақ күресімен қанша уақыттан бері айналысып келесіз?

– Бала кезімнен спортпен айналысып келемін. Көптеген республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленгенмін.  Қазақ күресі – қазақтың көне де асыл спорт түрі. Мен осы спорт түрімен белсенді айналысып, өз білімім мен тәжірибемді жас спортшыларға үйретіп келе жатқаныма 7-8 жылдай болып қалды. Күнде жаттығу залына кірген кезде өзім шынығып қана қоймай, өз тәжірибем мен білімімді балаларға үйретемін. Олардың спорттық әдіс-тәсілдерді меңгергеніне қуанамын. Қазақ күресі дене күшін ғана емес, намысты шыңдай түседі. Шәкірттерім жетістікке жетуде. Олардың көзінен жеңіске деген құштарлықты көремін. Менің мақсатым – өз мәдениеті мен дәстүрін мақтан ететін чемпиондардың жаңа буынын өсіру. Қазақ күресі арқылы біз өз мұрамызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізе аламыз деп ойлаймын. Шәкірттердің жетістікке жеткенін көру – жаттықтырушы үшін ең үлкен марапат.

– Ұлттық спорт әлемге қаншалықты танымал?

– Қазіргі таңда ұлттық спортымызды халықаралық аренада таныту маңызды. Қазір қазақ күресінен халық­аралық, әлем чемпионаттары өтіп жүр. Қызығушылық күн өткен сайын артып келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ күресі бойынша алғашқы жарыс 1938 жылы өткен екен. Сол сәттен бастап осындай жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бозкілемге бірінен кейін бірі кіл мықтылар шақырылып, үздік балуан анықталатын. Бүгінде қазақ күресінің ережесі аса өзгерген жоқ. Қазақ күресі халықаралық аренада үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Бұл спорт түрі өзінің ерекше техникасымен, бай тарихымен шетел­дік спортсүйер қауымның назарын аударып отыр. Соңғы жылдары көптеген елде қазақ күресі бойынша халықаралық жарыстар өтіп, қазақстандық балуандар өз шеберлігін әлемге паш етуде. Мысалы, «Көшпенділер ойыны» аясында қазақ күресінен сегіз салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық балуандар қазақ күресінің жоғары деңгейде екенін көрсетті. Қазақ күресінің дамуы, халықаралық деңгейде танылуы тек қазақстандық спортшылардың ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттауға ықпал етпек.

– Қазақ күресі үйірмесіне қатысу үшін қандай талап қойылады?

– Ең алдымен төзім мен шыдамдылық қажет. Рухани күш пен төзімділік қазақ күресіне тән қасиеттердің бірі. Спортшыға физикалық күш және төзімділік қажет, өйткені қазақ күресі жоғары деңгейдегі физикалық дайындықты талап етеді. Бұл күрес түрі ұзақ уақыт жаттығуды және шыдамдылықты қажет етеді. Спортшы қиындықтарға төтеп беру үшін мықты болуы керек. Екіншіден, тәжірибе және техникалық шеберлік керек. Күрес ереже­лері мен техникаларын жіті меңгеру өте маңызды. Спортшы түрлі тәсілдерді тиімді пайдалана білуі керек. Мотивация және ұмтылыс керек. Спортшының күреске деген ынтасы жоғары болуы тиіс. Жетістікке жету үшін талмай еңбектену қажет.

– Шәкірттеріңіздің жетістіктерін айт­саңыз…

– Жақында республикалық чемпионаттың қола жүлдегерлері атанды. Республикалық тур­нирлерде жеңіске жетіп, ел намысын қорғап келеді. Исламбек Балмолдев, Жақсыбай Әли және Тайлақ Беккали – біздің үйірменің ең мықты спортшылары. Олардың әрқайсысы өздерінің табандылығымен және қажырлы еңбегімен ерекшеленеді. Бала­лардың жетістіктері басқа да шәкірттерімді үлкен жеңістерге жетелейді. Олардың күш-жігері мен ынтасы өзгелерге үлгі. Спортта осындай биік белестерге жету – үлкен еңбек пен талпыныстың нәтижесі.

– Жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жас спортшыларға қазақ күресімен ай­налысуға кеңес беремін. Бұл спорт түрі адамды тек физикалық жағынан ғана емес, рухани тұр­ғыдан да дамытады. Күрес арқылы адам өзінің күш-қуатын арттырып, өзіне деген сенімділікті нығайта алады.

– Қазақ күресінің болашағы туралы не ойлайсыз?

– Қазақ күресінің болашағы жарқын. Әлем және Азия чемпионаттары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді, бұл спорт түрінің халық­аралық деңгейде танымалдылығы артуда. Ендігі мақсат – қазақ күресін Олимпиада ойындарына енгізу. Бұл қадам қазақ күресінің беделін арттырып, әлемдік спорт аренасында өз орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Отандық спортшыларымыздың жетістіктері мен табысы бұл спорттың болашағына сенім ұялатады. Алдағы уақытта қазақ күресі жаңа белестерді бағындырып, әлемдік деңгейде танымал спорт түрі болуына еш күмән жоқ. Қазақ күресімен шұғылданатын жастарымыздың саны артып, ел намысын қорғауда зор жетістіктерге жетеді деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: