Жұма, 03 қазан, 20:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

Ерұлан Қабдулов ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы атанды

03.10.2025

50 0

Фото: Sportbugin.kz

27 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Грузия астанасы Тбилисиде аралас жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионаты өтті. Аталған турнирде Қазақстан құрамасының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ерлер арасында 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында 4 қола жүлде бар. Ал атыраулық Ерұлан Қабдулов екі дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.

Ерұлан 52,2 келіде бақ сынап, ақтық сында қазір IMМAF нұсқасы бойынша рейтингте көш бастап тұрған Тәжікстан балуанынан басым түсті. Жекпе-жек үш раундқа созылып, Қабдулов төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл Ерұланның ММА-ден әлем чемпионатында жеңіп алған екінші алтыны.

Бұған дейін ол дәл осы салмақта 2024 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өткен әлем біріншілігінде топ жарған еді. Осылайша, атыраулық Ерұлан Қабдулов «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алу үшін бар талапты орындады. Заң бойынша, олимпиадалық емес спорт түрлерінен «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алу үшін екі дүркін әлем чемпионы атану керек.

«Ерұлан жеңіл салмақтағы үздіктеріміздің бірі. Ол спорттық мансабын бастаған алты жылдың ішінде бірде-бір рет жеңіс тұғырынан сырт қалған жоқ. Алтын болмаса, күміс пен қола алып, қуантатын. Былтыр алғаш рет әлем чемпионы атанып, биыл сол атағын қорғап қалды. Финалдық белдесу қиын болса да, ел намысы сынға түскен сәтте барын салды», — дейді бас бапкер Баян Жанғалов.

Одан бөлек, Қазақстан қоржынына тағы бір алтынды жетісулық Жақсыбек Аймаханов салды. 83,9 келіде сынға түскен ол барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтап, көптен күткен әлем чемпионы атағын иеленді.

«Жақсыбектің жасы отызда, ол бұл жеңіске жету үшін талай қиындықтан өтті. 2022 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында финалда ұтылып, күмісті қанағат тұтты. 2023 жылы төрешілер тарапынан әділетсіздікке ұшырады, ал 2024 жылы қарсыласы Жақсыбектің жарақаты бар шынтағына әдіс жасап, қатты ауырсынды. Десе де, сол кедергілердің бәрі артта қалып, биыл бұл жігітіміздің жұлдызы жанды», — дейді бас бапкер.

Күміс медальді Досжан Есбол (Ақтөбе облысы), қола жүлдені Әбілмансұр Жексенбай (Ақтөбе облысы), Марат Әшімтаев (Павлодар облысы), Еркебұлан Бегасылұлы (Жетісу облысы), Дмитрий Ярков (Павлодар облысы) және Диас Өскер (Алматы қаласы) иеленді.Қыздар арасында Матильда Бачурина (Ақмола облысы), Адель Махметова (Алматы облысы), Мөлдір Әшірбекова (Алматы облысы) және Диана Ахметова (Атырау облысы) қола медаль еншіледі.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орыннан көрінді.ММА-ден әлем чемпионаты жыл сайын аралас жекпе-жектен халықаралық федерацияның (IMMAF) ұйымдастыруымен өтеді. Грузияда өткен биылғы әлем біріншілігіне 78 елден келген 800-ге жуық спортшы қатысты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: