Жұма, 21 қараша, 11:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Геннадий Головкин Италия бокс федерациясының басшылығымен кездесті

21.11.2025

32 0

Фото: olympic.kz

World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Италия бокс федерациясының президенті Флавио Д’Амбрози және ұйымның бас хатшысы Вальтер Де Джустимен жүздесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы olympic.kz жазды.

Кездесу халықаралық федерацияның жаңа президентін сайлауға арналған World Boxing конгресі қарсаңында Римде өтті.

Головкин Италия бокс федерациясына Конгресті қабылдап, алдағы жиынға жоғары деңгейде дайындалғаны үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде федерация басшылары алдағы сайлауда оған сәттілік тіледі.

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін де талқылады. Италия федерациясы қазақстандық боксшылар мен бапкерлерді бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қабылдауға және тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.

Кездесуде барысында әуесқой және кәсіпқой боксты ұштастыру тақырыбы да сөз болды. Геннадий Головкин мұндай тәжірибенің пайдалы екенін айтып, дегенмен ең маңыздысы – ұлттық құраманың намысын қорғау екенін жеткізді.

Сондай-ақ тараптар төрелік жүйесін дамыту жайлы пікір алмасты. Италия өкілдері World Boxing ұйымының осы бағыттағы жоспарларына қызығушылық танытты. Олимпиадалық Комиссияның төрағасы төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған онлайн-академия жобасы және төрешілердің шешім қабылдауына көмектесетін AI-жүйелердің тестілеуі жүріп жатқанын айтты. Тестілеу нәтижесінен кейін технологияларды енгізу мәселесі қаралады.

Италия бокс федерациясы 2027-2028 жылдары World Boxing аясында халықаралық турнирлер өткізуге дайын екенін растады. Олар ірі жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибелеріне, соның ішінде осы Конгресті өткізуге тоқталды. Бұдан бөлек, Италияда жақын арада жоғары деңгейлі екі кәсіпқой бокс кешін өткізу жоспарланып отыр.

Геннадий Головкин бұл бастамалардың боксты дамыту үшін маңызды екенін атап өтіп, Италия тарапына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. World Boxing президенттігіне үміткер Головкин қазіргі басты назар Конгресте екенін, ал жарыс күнтізбесі, турнирлерді ұйымдастыру және болашақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері Конгрестен кейін жан-жақты қаралатынын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: