Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) 14-ші Бас ассамблеясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ассамблеяны ISSA ұйымының президенті, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Файсал ашты. Ол қатысушыларға ұйымның қызметіне және VI Ислам ынтымақтастығы ойындарын өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, бұл форумның ислам әлеміндегі спортты дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында ISSA Бас хатшылығы 2024 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Онда қызмет төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілгені айтылды. Ал жаңа циклде басымдық берілетін бағыттардың саны жетіге дейін артты.
Ассамблея аясында ұйымның басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ISSA Конституциясына 15 түзету қабылданды. Олар 30 күн ішінде түпкілікті бекітілген соң күшіне енеді. Сонымен қатар ұйым құрылымын нығайту мақсатында үш жаңа комиссия құрылды. Тағы он екі комиссияның қалыптасу үдерісі жүріп жатыр.
Эр-Риядта сондай-ақ VII Ислам ынтымақтастығы ойындарының өтетін орны анықталды. Турнирді өткізу құқығы Малайзияға (Селангор штаты) берілді. Туды тапсыру рәсімі осы ойындардың жабылу салтанатында өтеді.
Жиында ISSA құрамындағы мемлекеттердің ұсынысы да қаралды. Мысыр – қазіргі бессайысты, Тунис – ушуды, Алжир – велоспортты, ал Кувейт – паралимпиадалық спорт түрлерін ойындар бағдарламасына енгізуді ұсынды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
