Қазақстандық Әли Ахмедов (18-1, 14 КО) Геннадий Головкин – Сауль «Канело» Альварес трилогиясының андеркардында америкалық Габриэль Россадомен (26-15-1, 15 КО) титулдық жекпе-жегін өткізеді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әли Ахмедов пен Г.Росадо 17 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада штаты) T-Mobile Arena шаршы алаңында суперорта салмақта «солтүстікамерикалық» IBF чемпиондық белдігі үшін жұдырықтасады.
Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, мексикалық Пауль Валенсуэланы (27-11, 17 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберген болатын.
Габриэль Росадо биыл сәуірде төрешілер шешімімен америкалық Шейн кіші Мослиге (18-4, 10 КО) есе жіберді.
Әли Ахмедовтің Головкин негізін қалаған GGG Promotions промоутерлік компаниясының өкілі екендігі белгілі. Осыған орай Геннадий Головкин Әлиге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Росадо 2013 жылы Г.Головкинмен рингке шығып, техникалық нокаутпен жеңілген болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!