Франциялық «Пари Сен-Жермен» және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессидің алдағы уақытта қай командаға ауысатыны белгілі болды, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Diario AS мәліметі бойынша, 34 жастағы шабуылшы 2023 жылдың жазында америкалық «Интер Майами» сапына ауысады.
Одан бөлек, Месси Англия құрамасы мен «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы футболшысы Дэвид Бекхэммен бірге бұл команданың қожайындарының бірі болады. Аргентиналық футболшы жуырда «Интер Майами» командасының 35 пайыз акциясын сатып алмақ. Бүгінде клуб пен Месси келісімге келіп қойған.
Айта кетейік, Месси ПСЖ сапында 2021 жылдың жазынан бері өнер көрсетеді. Биыл ол париждік команда сапында барлық турнирде 33 кездесуге қатысып, 11 гол соғып, 13 нәтижелі пас берді. ПСЖ командасымен оның келісімшарты келесі маусымның соңында аяқталады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!