Сәрсенбі, 17 қыркүйек, 12:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№70, 2183
16.09.2025
PDF мұрағаты

Ливерпульдегі табыс – қазақ боксының жаңа тарауы

17.09.2025

52 0

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионаты тарихта алтын әріппен жазылды. 4-14 қыркүйек аралығында алғаш рет World Boxing-тің ұйымдастыруымен өткен ересектер арасындағы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды, деп хабарлайды El.KZ интернет порталы.

Алтынға толы апта

Жерлестеріміз жарысты 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен аяқтап, әлемдік рейтингтің көшін бастады. Өзбекстан құрамасы алты алтын, екі күміс, үш қоламен екінші орынға табан тіресе, Үндістан екі алтын, бір күміс және бір қоламен үшінші сатыға тұрақтады.

Бұл чемпионатта Қазақстан тарихта тұңғыш рет аса ауыр салмақта алтыннан алқа тақты. Айбек Оралбай финалда өзбек боксшысы Жахонгир Зокировты айқын басымдықпен жеңіп, тарихты жаңартты. Бұған дейін жартылай финалда ол әлемнің аңыз спортшысы, бес дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Олимпиада чемпионы, кубалық Хулио Сесар ла Крусты сенсациялық түрде тізе бүктірген еді.

Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың жеңісі – қазақ боксының айбынын арттырған оқиға. Алғаш рет біріншілікте қатар шығып, екеуі де алтыннан алқа тақты. Махмұд 55 келіге дейінгі салмақта испаниялық Рафаэль Лосаноны жеңсе, 19 жастағы Төрехан 70 келіде әлемнің бұрынғы чемпионы, тәжірибелі жапон Севон Окадзаваны айқын ұтып, жастығына қарамай ересектер арасындағы алғашқы жарысында-ақ алтын тұғырға көтерілді.

Жеңіс шеруін жалғастырғандар:

Алуа Балқыбекова (51 кг) – финалда түріктің атақты боксшысы, екі дүркін олимпиада жүлдегері Бусеназ Чакироглуды жеңді;

Аида Әбікеева (65 кг) – шешуші сәтте өзбек спортшысы Навбахор Хамидованы айқын басымдықпен ұтты;

Наталья Богданова (70 кг) – аустралиялық Лекейши Перголитиді тізе бүктірді;

Санжар Тәшкенбай (52 кг) – моңғол Алдаркхишиг Баттулгадан айласын асырып, алтын иеленді.

Ал Назым Қызайбай (48 кг) күміспен, Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Тәліпова (+80 кг) қоламен қуантты.

Ливерпульдегі табыс – қазақ боксының жаңа тарауы
ФОТО: ҰОК

Әйелдер боксындағы триумф

Бұл жолы қазақ қыздарының ерлігі ерекше аталып өтеді. Дәл осы чемпионатта әйелдер құрамасы үш алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, Қазақстанның жалпы есепте алға шығуына ықпал етті.

Әсіресе Аида Әбікееваның жеңісін бөле-жарып айтуға тұрарлық. Ол ширек финалда Токио олимпиадасының чемпионы Бусеназ Сурменеліні жарыстан шеттетіп, финалда Хамидовадан айласын асырды. Бұл – әйелдер боксының жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.

Ливерпульдегі табыс – қазақ боксының жаңа тарауы
Фото: ҰОК

Бапкерлердің еңбегі

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыстан кейін:

Әлем чемпионатындағы әрбір жекпе-жек тартысты өтті. Әсіресе аса ауыр салмақта Айбектің жеңісі біз үшін шешуші болды. Біз оған капитан ретінде: «Сенің жеңісің Қазақстанды бірінші орынға шығарады!» деп сенім арттық. Ол сенімді толық ақтады. Ағайынды Сабырхандар да керемет өнер көрсетті. Бұл – қазақ боксының болашағының жарқын көрінісі, – деп бағалады.

Алда әлі де сындарлы сәттер бар. Қазан айында Семейде ел чемпионаты өтсе, қарашада Үндістанда Әлем кубогының үшінші кезеңі ұйымдастырылады. Ішкі чемпионатқа тек әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған спортшылар қатыспайды. Қалғандары сапта болады.

Геннадий Головкин және жаңа ұйым

Бұл чемпионаттың тағы бір тарихи ерекшелігі – оны алғаш рет World Boxing ұйымы өткізді. Ал бұл ұйымды әлемге әйгілі боксшы, үш мәрте әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері, қазір Халықаралық олимпиада комитетінің бокс жөніндегі комиссиясын басқарып отырған Геннадий Головкин басқарады. Бұған дейін боксшыларымыздың жеңісін, ұпайын төрешілер тартып алып жататын жағдайлар аз емес еді, бұл жолы финалдық айқастар әділетті өтті. Ол да Головкиннің арқасы болса керек. Мұның өзі отандық бапкерлер мен боксшыларға сенім сыйлайтыны анық.

World Boxing – Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) балама ретінде құрылған ұйым. Себебі, IBA-ның жемқорлыққа батқанын мойындаған Халықаралық олимпиада комитеті оны олимпиадалық турнирлер өткізу құқығынан айырған болатын. Сондықтан Токио мен Париж Олимпиадасында боксты тікелей ХОК ұйымдастырса, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада ресми ұйымдастырушы ретінде World Boxing танылады.

Головкиннің осы ұйымды басқаруы – қазақ боксының беделін бұрынғыдан да биіктетіп, әлемдік аренадағы ықпалын арттырып отыр. Ливерпульде өткен чемпионатта Қазақстанның жеңісі де оның еңбегінің, дұрыс жүйенің алғашқы жемісі деуге толық негіз бар.

Қорытынды

Ливерпульдегі жеңіс – қазақ боксының жаңа дәуірінің бастауы. Ағайынды Сабырхандардың алтындары, Айбек Оралбайдың тарихи жеңісі, қазақ қыздарының ерлігі – барлығы бір мақсатқа тоғысты: Қазақстан әлемдік бокс картасында көшбасшы елдердің бірі екені тағы бір дәлелденді.

Ал осы жолдағы басты тұлғалардың бірі – Геннадий Головкин. Ол тек рингтегі аңыз ғана емес, енді ұйымдық деңгейде де қазақ спортының абыройын асқақтатып отыр.

Бір сөзбен айтқанда, Ливерпульде қазақ боксының жаңа тарихы жазылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: